Маңғыстау облысында республикалық маңыздағы екі жол ақылы болмақ

Бұл шамамен 661 шақырым, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Бейнеуден Ақтауға және Атыраудан Өзбекстан шекарасына дейінгі учаскелер. Бірақ бұған өңірдегі жүргізушілер қарсы. Олардың айтуынша, артық шығынды қалта көтермейді әрі жолдың сапасы да талапқа сай емес. Ал, «Қазавтожол» ұлттық операторы алдағы уақытта ақылы жолдардың жақсаратынын жеткізді. Жол бойына қоршау қойылып, жарықшамдар ауыстырылмақ. 

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Республикалық маңызы бар Бейнеу – Ақтау тасжолы сайрап жатыр. 454 шақырымды құрайтын жолдан күніне 500-ден астам көлік өтеді. Жолдың 68 шақырымы 1 санатқа, ал қалған бөлігі 2 санатқа жатады. Сондықтан ақылы жол ретінде таңдалған. 2017 жылы қолданысқа берілгелі көлік тізгіндеушілердің уақыты үнемделген.

Айгерім Ашықбаева, тілші:

- Бұрын жолдың жағдайы нашар болатын. Ауыр жүк көліктері Жетібай ауылының ішімен жүрді. Бұл ауыл тұрғындарына да, жүргізушілерге де қиындық келтірді. Жолды салғаннан кейін тікелей жүруге мүмкіндік туды.

Жолдың 1 санатқа жататын Бейнеу – Ақтау бөлігі барлық көлік түріне ақылы болады. Жеңіл автомобиль үшін әр шақырымына 1 теңге, автобустар адам санына қарай 5-тен 15 теңгеге дейін төлейді. Ал, екінші Атыраудан Өзбекстанға дейінгі 207 шақырым жол тек жүк көліктерінің жүргізушілері үшн ақылы болмақ. Олар шақырымына 5 теңгеден 25 теңгеге дейін төлейді.

Қажымұрат Сүйебаев, «Қазавтожол» ҰК» МОФ басшысының орынбасары:

- Әзірге бекітілген жоқ, жоспар бойынша осылай. Ешқандай шлагбаум, кедергі болмайды, Бейнеу – Ақтау ортасында 6 арка, ана жолда 3 арка орналастырылған. Аркалардан өткен машина нөмірлері фиксация болып, орталыққа жіберіледі. Көліктің жүрген шақырымы есептеліп, тарифке көбейтіліп, үйге келіп тұрады.

Ал, өңірдегі көлік жүргізушілері мұндай жаңалыққа қарсы болып отыр. 3 күн бұрын басталған наразылық акциясы әлі жалғасып жатыр. Олар 5 жылға дейін мораторий қоюды ұсынады. Айтуларынша, жолдың сапасын жақсарту керек.

Әділет Елеусінов, көлік жүргізушісі:

- Ақылы болуға қарсымыз, Маңғыстау, Қазақстан қарсы. Себебі, условие жоқ. Асфальттің үстіне шаң болғанда су себілу керек. Қыста қаралу керек. Қараусыз жатқан жолға қалай төлейміз.

Ұлттық компания өкілі жүргізушілердің талабы алдағы уақытта ескерілетінін айтты. Ақылы жолдан түскен қаражат оны күтіп ұстауға және жаңартуға жұмсалмақ.

Айгерім Ашықбаева, тілші:

- Қазіргі таңда жол бойында ескі, тас әжетханалар тұр. Ақылы жол енгізілгеннен кейін осындай заманауи әжетханалар қойылмақ. 40 шақтысын ауыстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жүргізушілердің сұранысына сай жол бойына мал кірмес үшін қоршау қойылып, жарықшамдар орнатылады.

Бұл жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Айта кетейік, мамандар наразылық акциясына қатысқан жүргізушілермен кездесті. Олардың ұсыныстары жинақталып,  құзіретті органдарға жолданады.

Авторлары: Айгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев