427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әкімдік: Зерендідегі жарық мәселесі шешіледі

  • 68
  • UPD: 23:22, 03.06.2021

Ақмола облысының Зеренді ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған себеп – жарық мәселесі. Өйткені жеке компаниялардың кесірінен қарапайым халық қиындық көріп отыр. Ал, олар ескірген электр бағаналарын не өздері жөндемейді, не әкімдіктің қалыпқа келтіруіне рұқсат бермейді. «Сондықтан осылай төтенше жағдай жариялап, аудандық бюджеттің есебінен күрделі мәселенің күрмеуін тарқатуға тырысып жатырмыз», - дейді, жауаптылар.

Зеренді ауданындағы жарыққа жарымай келе жатқан елді мекендердің бірі – Дороговка ауылы. Мұнда 40 шақты түтін бар. Жергілікті халықтың айтуынша, 3-4 жылдан бері электр қуаты жиі өшетін болған. Ал, оған себеп – бағаналардың ескіруі.

Манарбек Қабдуәлиев, Дороговка ауылының тұрғыны:

- Қыстыгүні 3-4-5 күндей жарық болмайды. Ал, мынау осы жуырда міне, екі жарым күн жарық болмай құзырлы мекемеге хабарлассақ, «это не наша работа»,дейді. Сонда оған кім жауап береді.

Үлгілі ауылында да осындай жағдай. Қыста боран, жазда дауыл соқса, тіпті күн күркіреп жауын жауса да, жарық сөне қалады. Ақау ұзаққа созылса, уақытша амалдарын жасайды. «Дегенмен, бұл мәселені әкімдік толықтай шешіп берсе», - дейді, тұрғындар.

Мұрат Қадыралин, Үлгілі ауылының тұрғыны:

- Бәріміз де тілеп отырмыз. Енді сөніп қалады анау тоңазытқыштар істемей қалады. Су шығара алмайсың. Осы мынау жуырда болған нәрсе, мынау әкімдік жіберді ме, әйтеуір кеше жавтономды жарықты әкелді, дизель. Соны қойды да, мына жерге жарықты ауылға берді, түнде 12-ге дейін және күндіз уақытша берді.

Ал, жергілікті билік өкілдері, бағаналар мен трансформаторлардың ескіргенін біледі. Алайда, оларды жаңарту қиын боп тұрғанын айтады. Себебі, бәрі жекенің қолында. Ал, олардан талап етейін десек, бірінің лицензиясы жоқ, ал екіншісі мойнына алғысы келмейді. «Дегенмен, проблеманың шешімін тапқандаймыз», - дейді.

Ермек Тушанов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз енді ауданда тағы 38 елді мекеннің жарық желілерінде апатты жағдай туындай ма деп қорқып отырмыз. Себебі, олар да ескірген. Сондықтан осы төтенше жағдай аясында олардың да кем-кетігін алдын ала жөндейміз. Қазір тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ әкімдіктегілер, жекенің қолындағы желілерді мемлекет меншігіне өткізу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Айта кетейік, Зеренді ауданындағы электр желілерінің біразы өткен ғасырдың 80-жылдары жекешеленіп кеткен. Міне, содан бері компания оларды жөндемеген.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы