TAZALYQ жобасы Атыраудың экологиялық мәселесін реттейді

Атыраудың экологиясын жақсартуға 80 миллион долларға дейін қаражат жұмсалатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Атырау мұнай өңдеу зауыты TAZALYQ жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойды.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы TAZALYQ жобасын жүзеге асырып жатыр. Оның аясында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы суды тазарту құрылыстарын жаңғырту және булану алқаптарын қалпына келтіру көзделген. Оның жалпы аумағы 860 гектар. Механикалық және биологиялық тазартудан өткен судың бір бөлігі қайта пайдалану үшін зауытқа қайтарылса, қалғаны Атырауда салынып жатқан тазарту құрылыстарына жіберілмек.

Данияр Сүлейменов, Атырау мұнай өңдеу зауыты құрылысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- Бұл алқаптарды енді қолданбайтын боламыз. Топырақты толықтай қалпына келтіреміз. Сосын барып бұл жерде өсімдіктер өсетін болады. Тазалау құрылымдарын қайта жаңғырту арқылы Жайық өзенінен су алу деңгейін азайтамыз.

Жобаны жүзеге асыруға Еуропа қайта құру және даму банкі 80 млн доллар несие бөлмекші. Атырау мұнай өңдеу зауыты міндеттемелерінің орындалуына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы кепілдік береді.

Данияр Сүлейменов, Атырау мұнай өңдеу зауыты құрылысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- «Тазалық» жобасын жүзеге асыру үшін осындай несиелік келісім жасадық. Бұл жоба арқылы қоршаған ортаға зиян әсерді азайтуды көздейміз. Ол екі кезең бойынша жүзеге асырылады.

Жоба 2023 жылы аяқталады. Құрылысқа 150 адам тартылады деген жоспар бар. «Бастысы, Атыраудағы экология реттеледі», - дейді мамандар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мейрамбек Ахмаханов