Павлодарлық ғалымдар шыбын-шіркейдің жаппай көбею себебін атады

Өңірде биыл мамыр айының ортасына дейін күн салқын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Ертіс өзенінің суы жылдағыдан кеш жайылды. Оның үстіне өзен арнасына түспей жатып ауа температурасы 38 градусқа дейін көтерілді. Бұл суы таяз жерлерде жәндіктердің жаппай көбеюіне әкелді. Аймаққа танымал биолог-ғалым Қанат Ахметов екі мыңыншы жылдардан бастап шіркейлерді зерттеп келеді. «Бұрын бір шаршы дециметр жерде жәндіктердің 5-6 мың дернәсілі кездесетін», - дейді ғалым. Ғылыми топтардың соңғы зерттеулері қансорғыш жәндіктер санының айтарлықтай қысқарғанын көрсеткен. Жергілікті атқарушы билік әдетте Шығыс Қазақстан облысымен келісіп, су жіберу үдерісін реттеп отыратын. Биыл ол жағдай басқаша сипат алды. Тауда қар кеш еріп, өзенге су екі аптаға кеш жіберілді. Бұл зарарсыздандыру жұмыстарына әсер етпей қоймады. «Жалпы қансорғыш жәндіктерді қанаттанбай жатып жою тиімді», - дейді ғалым.

Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы:

- Ертістің жайылымы уақытында өтіп, уақытында тартылуы керек. Сол кезде бұрынғы алгоритмнің бәрін сақтауға болады. Сонда жәндіктерді толығымен ұстап, былайша айтқанда, көп жылдар бойы қолданып жүрген тәсілдерді қолдануға болады. Ал енді ұшып шыққан фазаларына байланысты бұрынғы қолданып жүрген химиялық преапараттардың көбі енді ешқандай немесе нәтижесі аз болды деп айтуға болады. Биыл міне, үш компонентті француз препараты пайда болды. Өте жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр.