Ақтөбеде карантин жеңілдетілді

Ақтөбеде кинотеатр, филармония, боулинг, компьютерлік клубтар мен концерт залдардың жұмыс істеуіне рұқсат етілді.

Алайда ондай орындардың толымдылығы 30 проценттен аспауы тиіс. Ал «ASHYQ» жобасына қатысатын нысандар бұған дейін қалыптасқан жұмыс жүйесі бойынша ісін жалғастыра береді. Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысынан белгілі болды.

Қаулыға сәйкес, кейбір нысандарға қатысты енгізілген шектеу шаралары жеңілдетіліп отыр. Атап айтқанда, енді мәдениет мекемелері мен банкет залдары 50 адамнан аспаған жағдайда жұмыс істей алады. Діни ұйымдарда, соның ішінде, мешіттерде жұма намазын ашық аспан астында өткізу қарастырылған. Ал көпшіліктің қатысуымен өтетін конференциялар, форумдар, отбасылық және салтанатты шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Қаулы қауіпті індеттің таралуы бойынша өңірдің «жасыл аймаққа» енуіне орай шығарылған.