Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылы өркениет игіліктерінен қағылып отыр

Елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының тұрғындары өркениеттен мақұрым қалғанына наразы.

Елді мекендегі жаңа тұрғын үй алаптарында әлі күнге жол мен жарық, су жүйесі жоқ. Әу баста әкімдік өкілдерінің сөзіне сеніп, Жер алған ағайын енді өкініп отыр. Себебі 4 жылдан бері «баяғы жартас сол жартас» дейді олар. Әлеуметтің жанайқайын кеше тілшілеріміз жасаған сюжеттен көрдіңіздер. Ал бүгін жауаптылар байланысқа шығып, мәселенің қашан шешілетінін айтты.

Азамат Әміржанов, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Ауылда инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары 2018 жылы басталды. Кейбір жобалар өтпелі болғандықтан осындай мәселелер туындап жатыр. Оның үстіне халық саны да өсіп келеді. Қазір ұңғымалардағы су да түгесілді. Түйткілді шешу үшін көлемі 1200 куб болатын резервуар, сусорғыш станция салынады. Жоба құны 915 млн теңге. Тиісті құжаттар дайындалды, енді тек қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Ал жол мәселесі бойынша Жібек Жолы ауылында биыл 81 шақырым жол жөнеледі. Атап айтсақ, №1, 3 тұрғын үй алаптары мен 4, 6, 7 және 8 шағын аудандарға асфальт төселеді. Бұл жұмыстарға 6 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сондай-ақ жарық мәселесі де осы жылдың соңына дейін шешілуі тиіс.