Петропавлда көшелерге жүзден астам ту ілінді

Петропавлда бүгінгі мерекеге орай орталықтағы мемлекеттік рәміздер алаңы жаңартылып, көк туымыз салтанатты түрде көкке көтерілді.

Осылайша көк байрағымыз әнұран сазымен ашық аспан астында желбіреді. Маңызды шараның өтуіне жастар мұрындық болды. Бұдан бөлек аталған мейрамның мәртебесін қарапайым халыққа сездірту үшін көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың қас бетіне 100-ден астам ту ілінді. Биыл да өңірде пандемияға байланысты бірқатар іс-шара өткізілмей қалды. Еріктілер бүгін күні бойы тұрғындарға тудың шағын көшірмелерін таратуды жоспарлап отыр.

Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Қазіргі таңда қала көшелерінде тұрғын үйлердің балкондарынан біз флагтарды шығардық. Ол қала тұрғындарының өтініші бойынша мерекеге қандай да бір өз үлесімді қоссам деген. Ал жалпы бүгінгі мерекенің басты мақсаты қала тұрғындарына және жастарға патриоттық сезімін оятып, рәміздер күнінің қандай қадір-қасиеті бар екенін үйрету мақсатында ұйымдастырылды.