Түркия, Өзбекстан және Беларусьпен арадағы халықаралық рейстер саны артады

2021 жылғы 7 маусымнан бастап Түркияға рейстер саны көбейеді. Қазақстандықтар енді Антальяға аптасына 8 рет ұша алады.

Сондай-ақ Өзбекстанмен арада Алматы – Наманган, Ақтау – Нүкіс, Ақтөбе – Нүкіс, Ақтөбе – Самарқанд бағыттарында аптасына 2 тұрақты рейстен ашылады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Бұдан басқа Алматы – Минск бағыты бойынша Беларусьпен тұрақты рейстер саны ұлғайтылып, әр тараптан аптасына 2 рейстен орындалады.

Бұл шешімді Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.

Аталған бағыттарға «Эйр Астана», SCAT, Turkish Airlines, «Узбекские авиалинии» және «Белавиа» әуе компаниялары ұшады деп жоспарланып отыр.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және шет мемлекеттің тиісті билік орындарымен келісім бойынша орындалады.