Елордада жастар Рәміздер күніне орай патриоттық акция өткізді

Бүгін еліміздің жастар ұйымдары мемлекеттік рәміздер алаңында патриоттық акция ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шарада өскелең ұрпақ өкілдері рухани құндылықтар туралы патриоттық акт қабылдап, оны үнемі ұстанып жүруге уәде етті. Акция автошеруге ұласып, орталық ту тұғыр жанынан бастау алды. Мұнда жастар мен барлық жастар ұйымы жиналып, әнұранды шырқады. Егемен елдің ұландары үшін Рәміздер күнінің маңызы зор. Олар көк туымызды әлемдік додаларда желбіретіп, мерейін асқақтатуды борышым деп біледі. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған авто-мото шеруге 30 көлік таңдалып алынған. Олар бір мезетте 30 шақырымдық жолды басып өтті. Елорданың басты көшелерінде жүріп өткен жеңіл және спорттық көліктер шеруі Отан қорғаушылар алаңында түйіндеді.

Аян Ерментаев, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – ҚР барлық жастар ұйымдары мен жастарға «Менің туым» деген челлендж жолдап отырмыз. Барынша патриотизмге баули отырып, осындай шараларды ұйымдастыруға, бір болуға шақырамыз.

Нұрпейіс Қоныспаев, авто-мото спорттан мемлекеттік жаттықтырушы:

– Барлық спортшының арманы – мемлекеттік тудың көтерілгені және әнұранның орындалғаны. Осы іс-шара мемлекеттік рәміздердің де рухын көтереді деп ойлаймын. Сондықтан барлық автошабандоз бұл іс-шараны қуана қабылдады.