Қарағанды облысында 7 тонна балық тәркіленді

Балқаш көлінің маңында жүргізілген «Браконьер» жедел алдын алу шарасы кезінде 7 тонна балық, 230 шақырым ау, 27 моторлы қайық тәркіленді.

Тікұшақпен айдынды көктен сүзіп өткен тәртіп сақшылары санаулы күнде бірнеше заңсыз балық аулаушыны анықтады. Мәселен, бір ғана Приозерск қаласының маңында 34 және 36 жастағы екі азаматтың қайығынан 88 келі балық табылған. Ал көлге құрған ауды жинауға волонтерлер көмектесті.

Ерлан Омарбеков, ҚР ІІМ Криминалды полиция департаменті басшысының орынбасары:

– Жедел алдын алу шарасы кезінде 98 адам қолға түсіп, оларға заңсыз балық аулағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 7 қылмыстық іс қозғалды. Браконьерлерді құрықтау операциясы әлі де жалғасады.