Ақмола облысындағы балаларды сауықтыру орталықтарына жазда жұмыс істеуге рұқсат берілді

Ақмола облысындағы балалар сауықтыру орталықтарына жазғы маусымда жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады. Бірақ шектеулер болады. Мәселен, нысанды тек 30 процент ғана толтыруға рұқсат етіледі. Санитарлық талаптар да қатаң сақталуы тиіс. Демалушыларда ПТР тестілеудің нәтижесі болуы қажет. Лагерь қызметкерлері де тексеруден өтеді. Жалпы Ақмола облысында 20 лагерь бар. Әзірге олардың біреуі ғана облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат құжатын алған. Қалғандары арнайы талапқа сай болуы үшін дайындық жүргізіп жатыр дейді мамандар.

Ақмаржан Сәрсенова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

- Қорытындыны алған жазғы демалыс орындары ғана өз жұмысын бастауға міндетті. Олар санитарлық нормалардың бәрін қатаң сақтауы тиіс. Егер де санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда оларға жабылу, жұмысын тоқтату сияқты қатаң шаралар қолданылады. Жергілікті мониторингтік топтардың назарында болады.