Елтаңбаның құрылымы қанша уақытта әзірленді

Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздері 27 жыл бұрын 4 маусым күні бекітілген еді.

Көк байрағымыз, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұранды таңдау үшін Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрған болатын. Оның құрамы мемлекет және қоғам қайраткерлерінен жасақталды. Мәселен, Елтаңбаның өзіне 245 жоба ұсынылған. Оның ішінде Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың туындысы үздіктер қатарында болды. Сәулетші Жандарбек Мәлібеков «елтаңбаның құрылымы 2 ай бойы әзірленді», – дейді. Ал оны жасауға 1 ай уақыт жұмсалыпты.

Жандарбек Мәлібеков, Мемлекеттік елтаңбаның авторы, сәулетші:

– Қазақстан халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауға рұқсат етерсіздер. Біз 30 жылдың ішінде ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған жерімізді қорғап, елімізге еңбек етіп, ғылыммен айналысып, бірталай биіктерді бағындырдық.

1992 жылы Мемлекеттік Әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланып, 750 жоба ұсынылды. Байқаудың жеңімпазы ретінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған туындысы таңдалған.

Одан кейін Мемлекеттік рәміздің танымалдылығын арттыру үшін 2006 жылы жаңа әнұран қабылданды. Шәмші Қалдаяқовтың 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Елбасы әнге Мемлекеттік Әнұран жоғары мәртебесін беру мақсатында музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеген.

Көк байрағымыз – мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің айқын дәлелі. Мемлекеттік туды таңдау барысында 1200-ден астам жұмыс қаралған. Тәуелсіздігіміздің нышаны –Тудың авторы Шәкен Ниязбеков 35-тен астам туынды жасаған. Алғашында оюдың түсі қызыл түсті болатын. Кейін алтын түске ауыстырылды. Осылайша, ерекше нақыштағы көк байрағымыз 1992 жылы мемлекеттік рәміз ретінде қабылданды.

Биыл қазақстандықтар айтулы мерекені ерекше қарсы ала алады. Былтыр жыл соңында премьер-министр Асқар Мамин тиісті қаулыға қол қойған еді. Енді жыл сайын көк байрағымызды балконға іліп, құрмет көрсете аламыз.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев, Аят Дүйсембаев.