Дарынды жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды

Президенттің тапсырмасымен биыл дарынды жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» аталатын грант тағайындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Бүгін елордада өткен жастардың халықаралық форумында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев айтты. Алқалы жиында жастардың рөлі айқындалды.

Елбасы кітапханасы бүгін Мағжан айтқан жалынды жастарға толды. «Біз – ел патриотымыз» атты халықаралық форумға 300 адам жиылды. Форумға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Франциядағы жастар ұйымдарының өкілдері, жас ғалымдар, кәсіпкер, депутаттар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, «Болашақпен» оқып келгендер һәм аға буын өкілдері қатысты. Жиында Тұңғыш Президенттің хаты оқылды.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

– Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі форуммен баршаңызды құттықтаймын!

Осыдан соң Мемлекеттік хатшы сөз алды. Қырымбек Көшербаев «Тәуелсіздіктен асқан мұрат жоқ» деді.

Ел халқының 20 процентін 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Балалар мен жасөспірімдерді қоса есептегенде қазақстандықтардың тең жартысы – жастар. Бұл дегеніміз, ел ертеңі жастардың қолындағы екендігінің айқын көрінісі!

Жастар – елдіктің, кемел келешектің кепілі! Кепілі болған соң бізде бәсекеге қабілетті білімді, саналы жастардың қалыптасуына егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ жағдай жасалды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

– Бүгінде елде жастарды қолдап, ынталандыратын мемлекеттік жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы, Президенттік жастар кадрлық резерві, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар. Бұдан бөлек, саяси партиялардың сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 проценттік квота енгізілуін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталып келеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап дарынды жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» аталатын грант бекітілді.

Мемлекеттік хатшының сөзін сабақтай кетейін. Ел енді ғана еңсесін тіктеп, халық жарып жалақы мен зейнетақы ала алмай отырған қысыл-таяң шақтың өзінде Елбасының бастамасымен «Болашақ» стипендиясы тағайындалған еді. Бағдарлама 28 жыл бойы жемісін беріп келеді.

Айнұр Кәрібозова, халықаралық бағдарламалар орталығының президенті:

– Сол 28 жылдық іске асырылу кезеңінде еліміздің 14 мыңнан аса азаматы стипендия иегері атанған. Мен де стипендия иегерімін. Сол 14 мыңның 11 мыңы – бағдарлама түлектері. Сол түлектер әлемнің озық ЖОО-да тапшы мамандықтар бойынша білім алып, қазіргі таңда еліміздің игілігіне қызмет етуде.

Ел игілігі жолында қызмет етіп жатқан жалынды жастардың бірі – Санжар Тайжан. Инженер. Оның жобасын әлемге танымал өнертапқыш Илон Масктің өзі жоғары бағалаған. Жерлесіміз миллиардердің өзі ұйымдастырған байқауда 1600 адамның арасынан қара үзіп шыққан. Енді электр көліктерін елімізде жасамақшы.

Санжар Тайжан, инженер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

– Инженер ретінде мен еліміздегі көліктердің электр қуатымен жүргенін қалаймын. Сол кезде экология да жақсарады. Мұратым – осы бағытта дамып, өзіміздің әлеуетті жаһанға көрсету. Қазірдің өзінде маған шетелдік компаниялардан хабарласып, елімізде электрокөліктер шығаруға, жобаларымызды қолдауға ниет танытып отырғандар бар. Ал мен өз кезегімде сол көліктерді қуаттайтын станцияларды Қазақстанда орнату керек деген ұсыныс айттым.

Елді қорғайтын да – жастар. Қазір әскери қызметкер болуды қалайтын жас буынның қатары көбейген. Әскерде «патриот» сөзі әрдайым биік тұрған. Биік тұрады да!

Сәулет Қалдашов, ҚР қарулы күштерінің бас әскери медициналық басқармасының бағыт аға офицері:

– Қазақстандық патриотизмнің үлгісі болып, соған шақырушы негізгі патриотизмді оятушы әскерилер деп ойлаймын. Әскери қызметшілеріміздің әлеуметтік жағдайына ден қоюына байланысты және оның материалдық-техникалық жағынан жасақталуына көңіл бөлінуіне байланысты біздің әскери қызмет өте қызықты және тартымды болып келе жатыр. Сондықтан біздің қатарымызда мектеп бітіргеннен кейінгі жастар, одан кейін жоғары оқу орнын бітірген жастардың қызығушылығы көп. Сондықтан бізде ел қоғайтын қорғандар көп деп есептеймін.

Мәңгілік ел боламыз десек, Тәуелсіздікті қастерлеу міндет! Егемендік енді жас буынға аманат! Мемлекеттік хатшы да азаттықтың қандай азаппен келгенін өскелең ұрпақтың қаперіне салды. Сөйтіп, жастарды Мағжанның жырымен қайрады...

Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров, Бекболат Базаров