Жамбыл облысында бір топ адам жалақысын ала алмай жүр

Шағымданушылардың айтуларынша, шағал тас шығаратын зауыт қожайыны есеп айырысар кезде түрлі сылтау айтып, айлықты бермей қойған,деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл әрекетін бастаған істі аяғына жеткізбедіңдер деп түсіндірген.

Ал наразы топ оның уәжі орынсыз дейді. Қазір кәсіпкер мен қызметкерлері өзара келісе алмай, дауласып жатыр.

Бұл наразы топ күнде зауытқа келіп жалақысын даулайды. Еңбекақыларын ала алмай жүргендеріне бірнеше ай болған. Жұмысшылардың айтуынша, өндіріс орнының құрылысын жүргізіп, айлықсыз қалған 100-ге жуық адам бар екен. Алайда бүгін фирманың алдына бар болғаны 15 адам жиналды. Оларға кәсіпкер 1 жарым млн теңге қарыз . 

Әлім Маратов, жұмысшы:

– Жауында жұмыс істедік. Тоқ ұрып жатса да, істедік. Боранда кранның үстінде тұрып жұмыс істедік. Ешқандай жағдай жасалған жоқ. Жексенбіде жұмыс істедік. Айт күні де жұмыс істедік. Демалыс жоқ. Зауытты бітіріңіздер, өздеріңіз жұмыс істейсіздер деген. Енді аяғы мынадай болды. Айлық жоқ.

Зауыттың құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Жұмысшыларға алғашқы айларда жалақы толық беріліп, соңғы сәуір мен мамыр айының ақшасы төленбеген. Оның себебін сұраса, кәсіпорын басшысы өздерін айыптаған. 

Нұрсұлтан Бөгембаев, жұмысшы:

– Бізде видеолары бар. Біздің ауысымда жұмыс істеп, материал шығып, олар сатқан. Енді біз 13-нен кейін жұмысты тастап кеттік, айлық төлемегеннен кейін. Одан кейін біздің орнымызға басқа кісілер келген. Істеп тұрған зауыт олар келгенде бұзылған. Бізге жауып жатыр енді.

Қуаныш Бұралқиев, жұмысшы:

– Бізге айтып жатқаны, заттар ұрланып жатыр. Бізге қағазбен ештеңе өткізілмеген. Көрмеген темірлерді мойнымызға іліп, ақша бермеудің амалын жасап жатыр.

Ал фирманың директоры 100-ден аса адам айлық алмады деген жалған ақпарат дейді. Оның сөзінше, тек он шақты жұмысшымен келіспеушілік туындаған. Оған өздерін кінәлап отыр. Яғни қиыршық тас уататын қондырғыны дұрыс орнатпаған. Ал келісім бойынша тек жұмыс біткенде ғана ақша төленбек.

Майра Молдабаева, фирма директоры:

– Осы күнге дейін істеген тірліктері оңбай жатыр. Біресе дәнеркелеу, біресе лента түсіп қалады. Роликтер мүлдем орнында тұрмайды. Келісімшарт бойынша олар өздерінің жұмысын толық жасаған жоқ.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар мына зауытта жұмыс істеген. Олар адал еңбегіміз желініп, құқығымыз тапталды деп ашынып отыр. Айтуларынша, алды ақпан айынан бастап жалақы алмадық десе, енді бірі екі ай болды деп отыр айлық ұстамағанымызға. Ал зауыт қожайыннының айтуынша, берешегім бір айлық ғана дейді. Оның өзін мына зауыт толық салынып бітпейінше, мүлдем бермеймін деп отыр.

Жұмысшылар зауыт директоры қондырғыны әдейі өшірді деп санайды. Бұл еңбекақыны бермеу үшін жасалған құйтырқы әрекеті деп отыр. Қос тараптың тартысы ұзаққа созылатын түрі бар. Бірақ жалақысын даулаған жандар қарап қалмақ емес. Олар еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағым түсіргелі жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә