Қарағандыда заң бұзған бизнес нысандарына 70 млн теңге көлемінде айыппұл салынған

Қарағандыда жаз келгелі той жасап, ас беретіндер көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мобильді топ бүгін тағы бір сондай жиынның үстінен түсті. Қыз ұзатуға жиналған жұрт мейрамхананың есігін ашпай, мобильді топқа тәртіп сақшылары мен төтенше жағдай қызметін шақыруға тура келген. Сөйтіп есікті бұзып ішке енгенде, 100-ге жуық адамның бары анықталды.

Айта кетейік, соңғы 5 ай ішінде Қарағанды өңірі бойынша 87 мыңға жуық нысанға тексеріс жүргізіліп, 1524 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 70 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Ернар Қыдырбай, мобильді топ мүшесі:

– Қарағанды қаласы бойынша жыл басынан бері осы күнге дейін 7500 бизнес нысандары тексеріліп, 638 құқықбұзушылық анықталды. Яғни, егер ол объектілерде «Ашық» пилоттық жобасы енгізілмесе, кешкі 8-ге дейін жұмыс істеуге болады, осы объектілер көп жағдайда осы талапты бұзуда.