Қызылордалықтар Рәміздер күнін қалай атап өтті

Сыр елінің жұрты да тұғыры биік ту мен елтаңба және гимнге айырықша құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елтаңба авторларының бірі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібековтің Сыр топырағының тумасы екенін жерлестері ерекше мақтан тұтады. Сондай-ақ ғарышқа жеткізілген мемлекеттік рәміздеріміз жер кіндігі – Байқоңырдан ұшырылғаны да сырбойылықтар үшін айтулы оқиға болып қала береді.

Мерекелік шаралар тізбегі таңсәріден Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті паркі маңындағы Рәміздер алаңында бастау алды. Елдіктің еңсе биігі – Елтаңба, бойтұмар жыры – Гимн және көк сеңгірге ұмтылған байрағымыздың мән-мағынасы айшықталған шарада аға буын сөз алып, жастарға ұлтжандылық турасында ой өрбітті.

Сәпен Аңсатов, еңбек ардагері:

– Мемлекеттік ту, әнұран, елтаңба – қазақтың, ұлттың, мемлекеттің ары, намысы, ұяты. Адам ар үшін, намыс, ұят, отан үшін жанын пида етуге дайын тұру керек. Бүгінгі мерекенің мәртебесі басқа мерекелерден үлкен, биік, жоғарыда тұр.

Аймақ спортшылары мен белсенді жастарынан құралған вело-автошабандоздар шаһардың орталық көшелерімен көк туымызды желбірете өтті.

Ғасырлар қойнауынан ұлттың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін белгілер-рәміздердің құндылығы әспеттелген шара жастар үйінде жалғасын тапты.

Бегімсұлу Марат, жас өнерпаз:

– Мен болашақта жұлдыз болып, әртүрлі халықаралық байқаларға қатысып, өз рәміздерімізді аспанға шығарып, бүкіл елге танытқым келеді.

Нұрсұлтан Қайратұлы, жас өнерпаз:

– Біз Елтаңба, Әнұран, Туымызды құрметтеуіміз керек. Келешекте көк туымыз желбірей берсін. Мен өз басым қазақ еліне адал қызмет етемін. Рәміздердің қатарына қазақтың қара домбырасын қосар едім.

Бүгін сондай-ақ «Көңілді автобус», «Домбыра-думан» жастар кеші және «Менің Қазақстаным» акциясы өткізілді.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев