426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысының Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына талап күшейтілді

  • 155
  • UPD: 22:33, 04.06.2021

Ақтөбе облысының Бестамақ ауылында орналасқан доңыз фермасына қатысты тағы да жоспардан тыс тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, шаруашылықтағы көң қоймасы мен өндірістік ағынды сулар жиналатын тоғанды пайдалануды тоқтату туралы сот шешімі шықса да, орындалу барысы күман туғызуда. Әрі серіктестік ісінен кемшілік байқаған жергілікті тұрғындар өз дәлелдерін экология департаментіне жолдаған.

Шошқа фермасына қатысты дау өткен жылдың қарашасында басталған еді. Шаруашылық маңындағы қазылған ордан сойылған малдың қалдықтарын көрген Бестамақ ауылының тұрғындары тиісті мекемелерге шағым түсірді. Кейін тексеру жүргізген экологтар мәселенің барын растап, серіктестік ісінен өрескел кемшіліктер тапты.

Нәтижесінде, сот шешімімен фермаға 7 млрд теңгеден астам айыппұл салынып, көң қоймасы мен ағынды сулар жиналатын тоғанды пайдалануға тыйым салынды.

Нұржан Аққұл, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Олар оған қарап жатқан жоқ. Әртүрлі әдістерді қолданып жатыр. Яғни халықтан тағы да арыз түсті. Жерге төгіп жатыр деген бірнеше көліктердің суретімен арыз келіп түсті. Сол арызға байланысты біз 31-нен бастап жоспардан тыс тексеруді бастадық. Біз сынамаларын аламыз. Сол 11-не дейін осы жұмыстармен айналысатын боламыз.

Жергілікті тұрғындардың шағымы бойынша мал дәрігерлері де жоспардан тыс тексеруді қолға алды. Олар тиісті талаптың сақталуын қадағаламақ.

Кеңес Канадбаев, облыстық ветеринария инспекциясының басшысы:

– Мұның ішінде ветеринарлық-санитарлық талаптарды, мал сою бекеті процестері тексеріледі және шошқа басына жем-шөп, соны тексереміз.

Қазір шошқа фермасына қатысты сот шешімінің орындалу барысын қадағалау күшейтіліп жатыр. Мамандар жиі-жиі шаруашылыққа барып, ісі тоқтаған нысандарды бақылап тұрады.

Ляззат Аманжолова, аға сот орындаушы:

– Біз бірнеше рет барып, мөрленген нысандарды тексердік. Соңғы рет канализациялық-сорғылау станцияларының бірінде терезенің ашық екенін байқадық. Сол жерде акт толтырылды. Кейін барлық КНС-тегі есік терезелерге мөр басылды.

Жалпы, ауыл іргесіндегі серіктестік ісіне орай сот отырысы әлі де өтпек. Экология департаменті оның жұмысын тоқтату туралы да арыз берген.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы