Алматы маңындағы бұлақ пен өзендер қоқысқа толған

Бұл экологиялық апатқа әкелуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алып мегаполистің экобелсенділері осылай дейді. Бұл жағдайдан Экология министрлігі де құлағдар. Осыған байланысты бұлақ пен өзендерді құжаттандыру бойынша экологиялық белсенділердің бастамасымен қоғамдық комиссия құрылған. Олардың айтуынша, тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар ағын суға жақын салынған. Құрылыс ережелері сақталмаған. Одан шыққан шайынды су өзенге келіп құйылады. Ал лас су жиналатын шұңқырды жақын қазғандар ескертуді елеп жатқан жоқ. Оған қоса, құрылыс қалдықтары да өзен жағалауына төгіледі. Жазда демалушылар қосылып, жағдай мүлдем ушығып кетуі әбден мүмкін. Енді комиссия осының бәрін көріп, су көздерін ретке келтіруді қолға алмақ.

Айта кетейік, Алматыда 20-дан аса өзен мен бұлақ бар.

Салтанат Тәшімова, экобелсенді:

– Бізге осы жұмыстардың бәрін ойдағыдай жүргізу үшін құқық қорғау органдарының көмегі керек. Су жағасындағы жекеменшік үйлер мен басқа нысандарға аттап басып кіре алмайсың. Ал олардың моншасы, қала берді дәретханасы ағып жатқан суға өте жақын салынған. Су қоймасы мен нысан арасында белгілі бір қашықтық болу керек екенін білсе де ескермейді. Айыппұл көлемі өте төмен. Осыған қатысты заңды қатаңдату керек деп есептеймін.