Нұр-Сұлтандағы ауаның ластану деңгейі әдеттегі нормадан асты

Елордада ауаның ластануы экологтарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі бірнеше жылда әдеттегі нормадан асыпты. Бұған не себеп? Көмір мен мазут тұтынатын жылу электр орталықтарынан келетін қауіп қандай? Бас қала қашан толық газбен қамтылады?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бас қалада ауаның ластану деңгейі әдеттегі нормадан асты. Бұған бірінші себеп – шаһарда көлік көп. Жылу электр орталықтары да көмір мен мазут тұтынып, қоршаған ортаны ластап жатыр. «Ондағы қазандықтар толық көгілдір отынға көшірілмей, мәселе шешімін таппайды», - дейді мамандар.

Ербол Оразалин, «Қазгидромет» РМК қоршаған ортаның ластануын мониторингілеу зертханасының басшысы:

- Нұр-Сұлтан ірі шаһар болғанымен, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен салыстырғанда ластану деңгейі төмен. Себебі мұнда ұдайы жел соғып тұрады. Ауаның ластану деңгейі соған да байланысты. Бірақ мұнда көміртегі мен диоксид азоты бәрібір аз бөлінбейді.

Ал ел бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында ауаның ластану деңгейі тым жоғары. «Қазгидромет» күн сайын зауыттардан шығып жатқан улы газдардың мөлшерін анықтап, тиісті органдарға ақпарат ұсынады. Әрі қарай шара қолдану жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде.

Ербол Оразалин, «Қазгидромет» РМК қоршаған ортаның ластануын мониторингілеу зертханасының басшысы:

- Біз әдетте ауаны, топырақты, суды зерттеп, ластану деңгейін анықтаймыз. Егер көрсеткіш шамадан көп болса, тиісті органдарға жібереміз. Яғни, Экология департаменттері шара қолданады. Таяуда Шығыс Қазақстан облысында ағаш жапырақтарының сарғаюы дерегіне келсек, біз зауыттардан шығып жатқан зиянды қалдықтардың көп мөлшерін білдік. Жергілікті деңгейде ескерттік. Бірақ уақытылы шара қолданылған жоқ. Сондықтан бүгін салдарын көріп отырмыз.

Елордаға оралсақ. Бас қаланың өзінде Көктал-1, Көктал-2 тұрғындары үнемі ластанған ауа жұтады. Әсіресе, қыс айларында жағдай қиын. Тұрғындар үйлерін тек көмірмен жылытады. Көгілдір отын болса, әлі үй-үйге кірген жоқ.

Айгерім Пернебекова, зертхананың жетекші инженер-химигі:

- Жеке секторлардың отын жағуына байланысты және көліктің көптігіне байланысты норма шегінен асуы байқалады. Шаң бойынша және диоксид азоты бойынша норма шегіне асып тұр.

Зертхана мамандары қала аумағындағы су айдындарына да зерттеу жүргізген. Тіршілік нәрі таза, көрсеткіш нормаға сай деген тұжырымға келді. Тек ауаның ластануы алаңдатып отыр. Ендігі үміт елорда 2023 жылға дейін газбен қамтылады, сол кезде бұл мәселе шешімін табуы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев