426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы сенбілік қалай өтті?

  • 161
  • UPD: 17:34, 05.06.2021

Елордада тазалық шарасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенбілікке 500-ге жуық адам қатысты. Экология министрлігі ведомствоға қарасты мекеме қызметкерлерін ғана шығардық деп сендіруге тырысқан. Бірақ арасында мектеп мұғалімдері де жүргенін байқап қалдық.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- «Ұшса құс қанаты талатын, жортса құлан тұяғы тозатын алып атырапты алып жатырмыз» деп ауыз толтырып айтамыз. «Қазақтың қай өлкесіне барсаң да тұмса табиғатына тамсанасың, қара жердің құнарына қанығасың» деп тағы бөсеміз. «Қойнауы құтқа толы деп жүргендер қара жердің қолқасын суырып жатқанымызды біле ме?» деп кейде сұрақ қойғым келеді. Бағзы қазақ қандай еді? Обал мен сауапты білетін. Тіршілік атаулыға қиянат қылмайтын. Бұлақ көрсе көзін ашып жүретін. Ал қазір ше? Қазір қарыс жердің өзі қатқыл қалдыққа қақалып тұр. Елімізде жыл сайын 6 миллион тонна қоқыс жиналады. Соны әлі күнге сұраптай алмай жатырмыз. Салдары сұмдық енді. Кейде «катастрофа» деп жанұшыра айғайлағың келеді.

Ахметжан Пірімқұлов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Қоқыс өңдеу мәселесі үлкен проблемалардың бірі. Бізде республика көлемінде сұрыптау 18%-тен аспады. Республикада осы сұрақ бойынша бірнеше проблема бар.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бәрі кеш деп айтуға тағы болмайды. Айналаға немкетті қарамасақ, соның өзі кеудесі қысылған мына жердің тынысын ашқалы тұр. Бүгін міне, «Бірге – таза Қазақстан» акциясы жалғасын тапқан екен. Әр сенбі сайын өткізеді, білуімше. Бір мезгіл қолға осылай кетпен-күрек алып тал ексең, жер тырмалап, айналаны тазартсаң сауапты іс болар еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері осыған мұрындық болған екен. Бірақ көзбояушылық бәрін құртып тұрған. Жұмыстан гөрі жүріс пен тұрыс көбейіп кеткен сынды. Қоқыс теріп жүрген сол баяғы мұғалімдер. Шараға жауаптылар қай ұстаздың келгенін-келмегенін таң атпай тізімге алып, түгендеп жүрді. Ал ведомство басшылығы сонда да міз бақпайды.

Мейлі ғой, бірақ мұндай шараға ешкімді мәжбүрлеп қатыстыруға болмайды. Әйтпесе, басқалары білсін деп осыған дейін талай сөз айтылды. «Табиғат – анаң. Сен анаңды осылай қорлайсың ба?» деп дүрсе қойған кездер де болған. Бірақ соның өзі төңіректі таза ұстауға түрткі болмай тұр.

Сұрайын дегеніміз, қаладағы тазалыққа көңіліңіз тола ма? – Жоқ, толмайды. Сондықтан осында жүрміз. Вот бәріміз енді тазалықты сақтауымыз керек.

Өзгеге ақыл айтқан оңай. Әр адам өзіне жауапты болса да жетіп жатыр. Қоқысты жерге төкпей, жәшікке салшы. Соның өзі қоршаған олртаға көрсеткен құрметің болсын.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы