Түркістан облысында фермерлер қарбыз жинап жатыр

Жетісайлық шаруалар қарбыз жинап жатыр. Алғашқы өнімнің 120 тоннасын Ресейге экспорттап та үлгірді. Енді көп ұзамай қауын жинауға кіріседі. Бір айта кетерлігі, биыл бау-бақша өнімдерінің бағасы жақсы.

Жетісай ауданының климаты бау-бақша дақылдарын өсіруге қолайлы. Ауыл халқы қауын-қарбыз егіп, жыл сайын мол өнім алады. Намазбай Мырзағалиев қазір 2 гектар жерден несібесін теріп отыр.

Намазбай Мырзағалиев, Жетісай ауданының тұрғыны:

- Урожай жылдағыдай, Россияға сатылып кетті. Күні кеше 1 машина жібердім. Бүгін, Құдай қаласа, екінші машинасын жіберемін. Менікі 2 га қарбыз. 50 тоннадан астам қарбыз береді. Ол ерте шығатын сұрып. 65-70 күндік.

Шаруалар үшін көктемгі егіс науқаны қолайлы болмады. Күн райы құбылып, қуаңшылық басталды. Бұған қоса тыңайтқыштың да бағасы шарықтап шыға келді. Бұл әрине бақша өнімдерінің бағасына әсер етеді. Қазірдің өзінде қарбыз келісі 140 теңгеге бағаланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 теңгеге қымбат.

Махамбет Жабиев, Жетісай ауданының тұрғыны:

- Урожай жылдағы қалпы. Кемшілік жоқ. Судан сәл қиналдық. Ең қиын болғаны бізге удобрение, селитра жылдағыдан 2 есеге өсіп кеткен бағасы. Жердің бәрі удобрениесіз диқаншылық болмайды. Суды да қиын болса да жеткізіп берді үкімет. Соның арқасы. Сусыз болмайды бұл нәрсе.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар бақша дақылдарынан, әсіресе қарбыздан тапшылық көрмейді. Өйткені биыл «100 тонна қарбыз жиналады» деп жоспарланып отыр.

Марат Әбуов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы 22 мың гектардан астам жерге бақша дақылдары егілді. Оның ішінде 16-17 мың гектар жері қауын болса, 5 жарым мың гектар жері қарбыз. Әрине бақша дақылдарын өсіріп өндіруге кеткен шығындар қымбаттаған сайын мұның жалпы өнім де қымбаттайды. Шаруалар үшін бағаның көтеріңкі болғаны жақсы. Биыл минералды тыңайтқыштардың тапшы болуынан бағасы қымбаттады.

Жетісай ауданында биыл мақта алқаптарының аумағы 6 мың гектарға қысқарған. Бұған су тапшылығы мен мақтаның арзандауы себеп. Енді тұрғындар қауын мен қарбызды молынан егуді қолға алып жатыр.

Асланбек Шығыр, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов