Қазақстанда білікті туристік гидтер жетіспейді

Туризм саласына білікті гидтер мен экскурсия жетекшілері жетіспейді. Ал жоғары білімді кәсіби мамандар санаулы. Қазақстан туристер қауымдастығының мәліметі бойынша пандемияға дейін елдің ішкі туризм саласында 2 мыңға жуық жекелеген компания мен кәсіпкерлер жұмыс істеген екен. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш екі есеге азайған.

Өткен айда Шарын шатқалы мен Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінде болған қайғылы оқиғалар ішкі туризм саласында білікті гидтер мәселесі өзекті екендігін көрсетті.

Мамандардың пікірінше, елімізде тәжірибелі экскурсия жетекшілері өте аз. Басты себеп бұл кәсіптен жыл он екі ай тұрақты табыс таппайтындықтан мамандар басқа салаға ауысып жатады. Ал арнайы оқу бітіріп, диплом алған жастардың басым бөлігі туризмге бармайды.

Раушан Шәміл, туристік компанияның директоры: 

- Бізде қазір үш адамның сертификаты бар. Ал егер де бізге турист көп келіп жатса біз әрине жалдаймыз. Өйткені көп гидтер ИП ашып алған. Осыдан 3-4 жыл бұрын бізде бір реестр бар. Сол жерден іздеген уақытта ол реестр жаңаланбаған екен. Сонда әр гид оқып кеткен. Ол жұмысты істемей тастап кетеді екен. Гид-экскурсоводты біз өзімізбен алып барамыз көбіне. Шын мәнінде жергілікті орыннан оқытса ол жақсы болар еді. Өйткені ол адам ешқайда кетпейді. 

Екіншіден, ондай гидтер өздері туып өскен өлкенің тау-тасын, табиғи ерекшелігін жақсы біледі. Демек, қауіптің алдын ала алады. Жалпы білікті гид үшін табиғат пен тарихты білу аздық етеді. Олар шет тілін, қауіпсіздік ережелерін жақсы меңгеріп, алғашқы медициналық көмек көрсете алуы тиіс. Қазір Қазақстан туристік қауымдастығының реестірінде сертификаты бар 77 адам ғана тіркелген. Білікті экскурсия жетекшілерін дайындау мақсатында қауымдастық арнайы бағдарлама әзірлепті.

Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры: 

- Кәсіби емес туристердің саяхатын оңтайлы ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз сертификатталған экскурсия жетекшілерінің отрядын дайындаудың ережелерін әзірледік. Оны Туризм индустриясы комитетіне жолдадық. Құжат мақұлданса білікті мамандарды оқытып, дайындау ісін Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірігіп іске асырамыз. 

Алматы еліміздегі басты туризм қаласы. Жыл сайын Алатаудың әсем табиғатын, Шымбұлақ, Медеу мен Мұзтау шатқалдарын, Алма-Арасан сынды табиғаты көркем жерлерді көру үшін туристер мыңдап келеді. Ал олардың саяхатын сапалы ұйымдастыру басты міндеттің бірі. Биыл Туризм басқармасы туристерді тауға апарумен айналысатын гидтердің және экскурсия жетекшілерінің сертификаттарын тексеріп, дайындығын пысықтауды қолға алады.

Аслан Қоңырханов, қалалық туризм басқармасының өкілі:

- Жылдың басынан 26 адам тау шатқалдарында құтқарылды. Сондықтан тауға барар алдында дайындықпен немесе дәрежесі бар сертификатталған гидтермен тауға баруыңызды сұрайымыз. Егер де турист туристік компания арқылы турға баратын болса, онда туристік фирма жауапты болады. Егер өзінше баратын болса, ол өзі жауапты болады.

Мамандардың пікірінше, биыл елімізге 600 мың шетелдік турист келеді деген болжам бар. Әлемдік эпидемиологиялық ахуал жақсарса, бұл көрсеткіш артуы мүмкін. 

Авторлар: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов