426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулықтар биылғы жазды субұрқақсыз өткізеді

  • 91
  • UPD: 10:37, 06.06.2021
Атыраулықтар биылғы жазды субұрқақсыз өткізеді

Атырау қаласында биыл субұрқақтар іске қосылмауы мүмкін. Себебі облыс орталығындағы 25 хауыздың тек жартысы ғана іске жарамды. Қалғандары қаңтарылып тұр. Жылдың жеті айында аңызақ болып, жазда сынап бағанасы +40 градустан түспейтін өңір үшін бұл өзекті проблема.

Қаладағы біз аралап көрген орталық саябақ пен гүлзарларда су шашып, жан-жағына тіршілік нәрін сеуіп тұрған субұрқақтарды кездестірмедік. Содан ба, демалыс орындарында кісі қарасы аз көрінді. Тұрғындар тек субұрқақтар емес, жалпы демалыс орындарының дайындығы да көңілдерінен шықпайтындарын айтады.

Бауыржан Бөлеков, қала тұрғыны:

– Екі жыл болды, лас күйінде осылай тұр. Бұрқақ керек міндетті түрде. Жердің бәріне мынадай брусчатка төсегенше, көгалдандыру керек қой. Ауаны ылғалдандырады. Қазір, міне, 39-40 градус ыстық. Мынадан әйтеуір ылғал тарайды ғой.

Исатай-Махамбет алаңы – облысқа келген меймандар мен қала тұрғындарының негізгі демалатын орны. Алаң осыдан 2 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен.

Облыс орталығындағы 25 субұрқақтың тоғызын былтыр мердігер мекеме толықтай жаңартып, іске қосуы тиіс болатын. Бірақ іс аяғы сұйылып, бүгінде әкімдік жауапты мекемемен соттасып жүр. Соның салдарынан 9 хауыздың тағдыры әзір шешілмейтін сыңайлы.

Жұмабек Қаражанов, қала әкімінің орынбасары:

– Қазір осы жұмыстардың барлығына ақау актісі жасақталды. Жобалық сметалық құжаттамалары аяқталғалы жатыр. Аяқталғаннан кейін айдың аяғында мемлекеттік сараптамадан өтеді. Шілде айында мемлекеттік сараптамадан өткізетін болсақ, оның өзі 45 күн уақыт алады. Және қыркүйек айында сессияда қаражат сұратуымыз керек. Онан кейін тендер жарияланады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тағы екі жерде жөндеу жұмыстары басталыпты. Бірақ біз жұмыс істеп жатқан жанды кезіктірмедік. Соған қарағанда, жаз бойы аптап ыстық пен аңызақтан көз ашпайтын атыраулықтар биылғы жазды субұрқақсыз өткізе ме деген қауіп бар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.

Хабар 24 телеарнасы