Арқалықта полициядан көлікпен қашқан 14 жастағы жасөспірімге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды

Қостанай облысы Полиция департаменті полиция қызметкерлерінен көлікпен қашқан кәмелетке толмағанға қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат

Арқалық қаласы патрульдік полиция взводының аға сержанты Аман Оспанов ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол әріптесі Мұрат Жамалиев екеуі сол күні өрт сөндіруге қатысты оқиға орнынан келе жатқан еді. Полицейлер жол бойында Mitsubishi Pajero көлігін көріп, ондағы жүргізушінің күдікті әрекетін байқап қалады. Көлік жүргізушісі қозғалыс кезінде қайта-қайта кілт тоқтай берген көрінеді. Куәгер Сабыржан Лекеровтің айтуынша, 31 мамыр күні Жәнібек көшесі бойында патрульдік машина жол талғамайтын көлікті қуып жетіп тоқтатуға тырысқан. Алайда джип жүргізушісі ескертулерге қарамастан, жылдамдығын түсірместен жүйтки жөнелген. Қатты жүрген көлік көше бойында жүрген адамдарға қауіп төндірген. Полиция қызметкерінің сөзіне қарағанда, бұл оқиғада басты мақсат қайғылы оқиғаға жол бермеу болды.

Арқалықта полиция қызметкерінің көлікке оқ атуы заңды деп танылды

Жол бойында адамдар болды және оларға қатер төнді. Сондықтан аталған көлік құралын тоқтату туралы шешім жасадық. Ескерту ретінде тапаншадан ауаға оқ аттым, алайда көлік тоқтамады. Кейіннен көліктің артқы дөңгелегін көздеп оқ аттым. Дөңгелегі жарылса да, ол 500 метр жердегі үйіне дейін жүріп барды. Сол кезде ғана көлікті жасөспірім тізгіндегенін байқадым. Көлік биік болғандықтан оны кім басқарып отырғанын алдында көрмеген едік», - деді Аман Оспанов.

Белгілі болғандай, баланың 35 жастағы әкесіне 2015-2018 жылдар аралығында көлік басқаруға шектеу жасалған еді. Сонымен қатар, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстң 612, 613-баптары бойынша екі хаттама толтырылды. Жақын арада Арқалық қаласының соты жасөспірімнің әкесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) шешім қабылдайды.

Бұл жағдайға қатысты іс-әрекеттер қала әкімдігінің кәмелетке толмағандар істері бойынша комиссияда қаралды. Онда ескерту мерзіміне байланысты шешім қабылданды.