Қызылордада 50 жыл жөнделмеген үй іргетасынан шатырына дейін үгітіліп жатыр

Қызылордада 50 жылдан бері жөндеу көрмеген үйлер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бірі – Шұғыла шағын ауданындағы 26-шы үй. Іргесі мүжіліп, шатырының жақтаулары үгітілген. Жертөлесі суға толған көп пәтерлі үйге қоныстанған 100 отбасы «шықпа жаным, шықпамен» күнелтіп келеді.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына әлдеқашан өтініш беріп қойған тұрғындар жөндеу жұмыстарының басталуын күткелі бірнеше жыл өтіпті.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген үйдің алғашқы қоныстанушысы Алла Хазиева «50 жылда біздің үйдің еш жері жаңаланбады» дейді. Жөні түзу жөндеу көрмеген көп қабатты үйдің кіреберісінен шатырына дейін сетінеп тұр. Жаңбыр жауса қабырғаны жылғалап аққан су түсқағазды желімінен ажыратып, әкті шайып кетеді. Зейнеткер мүжілген, кетік баспалдақтармен жоғары-төмен мініп-түсудің өзі қауіпті екендігін айтады.

Алла Хазиева, қала тұрғыны:

- Кірпіштер балалардың басына түсті өткенде, көліктерді әрі қойдыртып, балалар жинап алды кірпіштерді. Балкон жабылмаған, сыртқы беті түсіп тұр. Бір күні нық жел тұрса, түсіп кетеді. Шығуға қорқасың.

Шырын Райымова, қала тұрғыны:

- Шықпаймыз, кір жая алмаймыз, 5-қабаттан бірінші қабатқа түсу бізге қиын. Көрпеше, төсектерді күнге жая алмаймыз. Балконға шығайық десек қорқамыз, 4-қабатта кішкентай балалар бар, ашпаңыздар деп қорқады. Басқан сайын сықыр-сықыр тастақ түсіп жатыр. 5-қабатта 2 бөлме, балконға зат қоя алмаймыз, жауып тастадық неше жыл болды.

Жертөледен шығатын жағымсыз иістен аулада отыратын да мүмкіндігі жоқ тұрғындар жергілікті әкімдікке бірнеше рет мәселелерін жеткізген. Жаңғырту бағдарламасына қатысу үшін түгел қол қойып берген. Тиісті сала мамандары Шұғыла шағын ауданындағы 26-үйді күрделі жөндеу үшін 91 миллион теңге қажет деп жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, арнайы комиссияға өткізеді.

Дінмұхаммед Сырлыбаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұған дейін құжаттарын рәсімдеп қойдық. Ендігі кезекте бюджетті қайта нақтылауға қайта ұсынып көреміз. Қаражат келсе, әрі қарай бағдарлама бойынша мердігерді таңдайды, техникалық қадағалаушыны таңдайды. Пәтерлерді кондоминиум нысанын басқару органы бар «Қызылорда тазалығы» ұйымымен шарттар жасайды әрі қарай.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Жалпы Қызылорда қаласындағы 800-ден астам көп қабатты үйдің 134-і жаңғырту бағдарламасымен жөндеуден өткізілді. Ал биылға 22 үйді қайта жаңалауға үшін ұсыным берілген. Бірақ республикалық бюджеттен тек жартысына ғана қаржы бөлініп, қалған 11 үй кейінге ысырылыпты. Соның ішінде осы 26 үй бар. Сондықтан тұрғындарға «баспанасының қасбеті биыл түзеледі» деп, жергілікті билік өкілдері кепілдік бере алмай отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев