Павлодар облысында көкөніс пен жеміс-жидектерді сататын сауда орындары жетіспейді

Ертіс өңірінің бағбандары өсірген жеміс-жидектерін сата алмай қаламыз деп алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, арнайы сауда нүктелерінде орын тапшы. «Ал жабдықталған орындарға алып-сатарлар жайғасып алған», - дейді олар.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Сәуле Құттыбаеваның бағбандық тәжірибесі 24 жылдан асқан. Қазіргі тірлігі осы. Зейнеткер алты соттық бау-бақшасында көкөніс егеді.

Сәуле Құттыбаева, бағбан:

- Аздаған өнімімізді сату қиын-ақ. Себебі, зейнеткерлер үшін арнайы орын жоқ. Саяжайда өсірілген көкөністер мен аскөк, пиязды сатайық десек, павильондар бос емес. Сол жерлерде бағбаншы куәлігі жоқ адамдар жүр. Саяжай үшін салық төлейміз. Су да қымбат.

84 жастағы Нина Сотникова ала таңнан бері осында. Бірнеше күн бұрын бағындағы құлпынай да пісіп қалды. Алдағы күндері жинап, сатуды жоспарлауда.

Нина Сотникова, бағбан:

- Құлпынайды сатсақ, жақсы болары еді. Бізге арнайы орын болса жөн еді. 100-200 теңгеден ақша жинаса да, келісер едік. Өзім тек жидек сатамын. Бізге көп орын да керек емес.

Облыс орталығында ерте піскен жеміс-жидек пен көкөністі сатуға арналған орындар бар. Мәселе жыл сайын қайталанады. Салдарынан стихиялық нүктелер пайда болады. Басқа амалы жоқ саяжайшылар адам көп жүретін орындарда саудалауға мәжбүр.

Ирина Коловникова, бағбан:

- Өз клиенттеріміз бар. Осы жерде жеті жыл бойы тұрамыз. Өнім саяжайларымызда өсіріледі. Ата-анам көмектеседі. Осылай күн көреміз.

Жауапты мамандар бағбандарға арналған орындарды алып-сатарлар иемденіп алғанын жоққа шығармайды. Тексеріс жұмыстары тұрақты жүргізілгенмен, нәтиже көңіл көншітпейді. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілмек. Осындай павильондарда тек бағбандар тұруға құқылы. Орындар тегін ұсынылады.

Нұржан Әбішев, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы:

- Көктем-жазда рұқсат етілмеген сауда нүктелері пайда болады. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заңсыз орындармен күресіп жатырмыз. Бағбандар халық көп жиналатын орындарда тұрғысы келеді. Әрине, оларды да түсінуге тырысамыз. Сондықтан павильондардың қатарын айтарлықтай көбейтеміз.

Бүгінде облыс орталығында саяжай өнімдерін сатуға лайықталған 50-ге жуық орын бар. Алып-сатарлар болмаса бұл жеткілікті. Дегенмен, бағбандардың өтінішімен сауда орындарының қатары көбейтілмек. Осылайша, облыс орталығындағы әр шағын ауданда шағын базарлар пайда болмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат