Қостанай облысындағы кей ауылдарға жедел жәрдемнің жетуі мұңға айналған

Қостанай облысында су жаңа жылжымалы медициналық кешен кей ауылға жете алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жол жаман. Мысалы, Қарабалық ауданында дәрігерлік көмекті күтіп отырған адам көп. Алайда шұрық-тесік жолда мобильді, құны қымбат жабдықтың істен шығуы әбден мүмкін.

Ольга Белаш Сарыкөлге алты жыл бұрын көшіп келген. Содан бері ауылға жедел жәрдемнің келгенін көрмедім-дейді.  Себебі Қарабалыққа дейінгі бағыттың тас-талқаны шыққан. Айтуынша, аудан орталығынан дәрігер жете алмайды, одан қалды автобус та жүрмейді.

Ольга Белаш, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Сәуір айында есімнен танып, инфаркт алған едім. Жедел жәрдемнің ауылға келмейтінін біле тұра үйдегілер 4 мың теңгеге такси жалдап ауруханаға жеткізді. Бос көлік таппай қиналатын кездеріміз де болады.

Аудан орталығы мен Сарыкөлдің арасы - 25 шақырым. Қысқа болса да машақаты көп жолды еңсеруге ең кемі бір сағат кетеді. Жол 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Жеңіл тұрмақ, ауыр жүк көліктері де әрең қозғалады.

Любовь Строк, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Осы жолмен мектеп автобусы балаларымызды аудан орталығына тасымалдайды. Әсіресе, көктемде солар үшін қатты алаңдаймыз. Жолды су шайып жатады.

Әлфия Кайзер, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Кедір-бұдыр жол жүріс бермейді. Көлік бұзыла береді. Кеше тежеуішін жөндедім.

Аудан жолдарының нашарлығынан 157 млн теңгенің жылжымалы медициналық кешені кей ауылға бара алмайды. Ал іші соңғы үлгідегі цифрлық емдеу құрылғыларымен жабдықталған автобус дертті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Техника Қарабалықта былтыр пайда болған. Содан бері саусақпен санарлық ауылда қызмет көрсеткен.

Бектерхан Шымпеисов, Қарабалық аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Автобусымызды аяймыз. Жақсы жолмен жібереміз. Өйткені дұрыс болмаса, жаман жолдармен ішіндегі жабдықтарды құртып бітіреміз.

Владимир Прохоренко, жылжымалы медициналық кешенінің жүргізушісі:

- Он шақты ауылды араладық. Автобус өте төмен. Тек асфальты бар елді мекендерге барамыз. Жақында Тоғызақта болып, бамперді зақымдап алдық.

Қарабалықта 560 шақырым жол аудандық маңызға ие. Соның 30 проценті жөндеуді қажет етеді.

Қайрат Салмағамбетов, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары:

- Былтыр Тоғызақ-Бөрлі-Михайлов ауылдарының жолын жөндегенбіз. Ал биыл Сарыкөл, Бөрлі-Песчаный бағытын қалпына келтіруді жоспарлаймыз. Автомобиль жолдары басқармасына Бюджеттік өтінім жолдадық. Қаражатты бөлу мәселесі мәслихат сессиясынан кейін белгілі болады.

Сарыкөл жолын қалпына келтіру үшін шамамен 700 млн теңге қажет. Егер қаражат мақұлданса, жөндеу жұмыстары келер жылы басталады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедимяров