Шымкентте дауыл салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

Қалада қатты желдің салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.

Кеше кешкісін екпінді желдің күші секундына 28 метрге дейін жетіп, тұрғындарды біраз абдыратып қойып еді. Бүгін Төтенше жағдайлар департаменті мамандары келтірілген шығындарды анықтап, қалпына келтіруге кірісті. Бір коммерциялық нысанның, 8 көпқабатты үй мен 4 жер үйдің шатыры бүлініп, 8 автокөлікке зақым тиді. Электр желілерінде 17 апатты жағдай тіркелді. Трансформатор істен шығып, 1 мың 700 абонент жарықсыз қалды. Дауылды желдің салдарын жою үшін 6 бірлік техника мен жеке құрамның 25 адамы жұмылдырылды.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір жағдай тұрақты. Мамандар халықтан дауылды ескертулерге назар аударып, сақтық шараларын ұмытпауды сұрайды.

Сайра Қасболатова, қала тұрғыны:

Жел қатты басталды. Осы екі ортадан басталды. Ой, өткен күндегідей тағы мыналардың шатыры да ұшып кете ме деп осыларға қарап тұрдым. Сонымен шаңнан ештеңе көрінген жоқ. Бір уақытта күн қара түнек болып басып кетті.

Мадияр Жақсыбаев, қалалық ТЖД басшысы:

– Біздің тарапымыздан кез келген хабар бойынша міндетті түрде халыққа көмектесеміз. Жаңағы айтқанымдай, көп қабатты тұрғын үйлерден түскен шатырларды алып, қауіпсіз жерлерге қою мәселелерін шешу – біздің міндетіміз.

Бұған дейін де мегаполисте дауы тұрып, бір адам зардап шеккенін хабарлағанбыз.