Қазақстан отандық күрішпен 186% қамтамасыз етілген – ҚР АШМ

Жаңа өндірістерді іске қосқанның нәтижесінде соңғы жылдары қайта өңделген күріш өндірісі қарқын алды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Алдағы бірнеше жылда егіс алқаптарын әртараптандыруға байланысты күрішті ішкі нарыққа жететіндей көлемде ғана өндіру жоспарланып отыр.

2020 жылы Қазақстанда 199,4 мың тонна өңделген күріш өндірілді, бұл республиканың ішкі нарықтағы қажеттілігін 185,9%-ке қамтамасыз етеді.

Салыстыру үшін: 2019 жылы 166 мың тонна өнім өндірілді.

Яғни бір жыл ішінде өндіріс өсімі 20%-тен асты.

Өткен жылы өндіріс өсімінің арқасында өңделген күріштің экспорты 12,7%-ке артып, 101,2 мың тоннаны құрады. Соның нәтижесінде импорт 57,7 %-ке, яғни, 9 мың тоннаға дейін төмендеді.

Қазіргі уақытта отандық өндірістің арқасында импорттың үлесі 8,4% ғана.

2015 жылдан бері Қазақстанда күрішті өндіру мен қайта өңдеу саласында жалпы құны 2,3 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде өндіріс өсімі қарқын алды.

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында жаңа кәсіпорындар салу, жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу кәсіпорындарын кеңейту және жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырғанда инвестициялық субсидиялар қарастырылды.

Бұдан бөлек, «қарапайым заттар экономикасы» аясында қайта өңдеу кәсіпорындарын инвестициялауға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік беретін жылдық сыйақы мөлшері 6%-дық жеңілдетілген несиелер бар.

Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан республиканың Агроөнеркәсіп кешінінде егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл облыс әкімдіктерінің деректері бойынша, күріш егетін алаң 8,4 мың гектарға қысқарған. Яғни еліміздегі жалпы күріш егіс алқабы 95,6 мың гектарға дейін азайды.

Күріш алқаптарының көлемін біртіндеп азайтып, оның орнына тиімді әрі ылғалды аз қажет ететін бақша өнімдерінің, жем-шөп пен майлы дақылдардың алқаптарын ұлғайту жоспарланып отыр.