Қарағанды өңіріндегі түрмелерде жазасын өтеп жатқандарға үй алу мүмкіндігі берілді

Қарағанды өңіріндегі түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға баспана алуға мүмкіндік беріліп отыр.

Ол үшін сотталған азаматтар тұрғын үй депозитіне ақша жинауы тиіс. Мәселен, АК 159/1 түзету мекемесінде қазір 53 адам болса, соның барлығы бірдей еңбек етеді. Олар темір тордың ішінде дәнекерлеу, ас әзірлеу секілді жұмыстарды атқарып, ай сайын орташа есеппен 50-60 мың теңге жалақы алады. Сол ақшаның бір бөлігін банкке аударып, кейін босаған кезде пәтер алуына болады.

Түрме басшыларының айтуынша, әзірге бұл жобаның ТМД елдері арасында баламасы жоқ. Бүгін мұнда банк өкілдері келіп, сотталушылардың біразымен келісім-шартқа отырды.

Мирас Нұркешов, жазасын өтеуші:

- Келешекте босап шыққанда үй алуға мүмкіндік беріп, осы депозит аштым. Болашақта әке-шешеме, отбасыма көмектесіп, Алла қаласа шығып, үй алуға мақсат қойып отырмын алдыма.