«Дәрмек» операциясы барысында 40 медицина қызметкері жауапқа тартылды

Ел аумағында жүргізілген «Дәрмек» операциясы барысында 40 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді. 5 күн ішінде 877 нысан, оның ішінде дәріханалар мен қоймалар, емдеу-алдын алу мекемелері және өнеркәсіптік кәсіпорындар тексерілді. Ресми өкілдің дерегінше, есепке алынған препараттарды рецептісіз босатудың 56 фактісі анықталып, 12 тонна прекурсордың айналымы шектелді. Операция барысында 21 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:

- Сақтау талаптары бұзылған немесе құрамында есірткі бар сатылымдағы барлық препараттар айналымнан алынды. Атап айтқанда, 2 мыңнан астам есірткі құралдары ампуласы, 1600-ден астам таблетка және 1800 психотроптық заттар ампуласы тәркіленді. Барлық анықталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.