Атырауда малшылар төрт түлікке су тауып бере алмай отыр

Нарын құмын жайлайтын Атырау малшылары төрт түлікке су тауып бере алмай қиналып отыр. Жұрт мал мен жанға тіршілік нәрін 120 шақырым қашықтықтағы Жайық өзенінен канал арқылы тасымалдайды. Исатай ауданындағы су арналары 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Су тапшылығынан шаруалар малдарын жазда аудан орталығына әкеліп бағуға мәжбүр. Мұнайлы өңірдегі егіншілік пен мал шаруашылығы Жайық өзеніне тәуелді болғандықтан су табу жыл өткен сайын қиындап барады. Тасымал су бағасын халықтың қалтасы көтермейді.

Бейсенбай Жанесенов бүгін сәскеде аз жылқысын суатқа жеткізіп үлгірді. Енді кешіксе су лайланып, малға жарамсыз болып қалады екен. Жалпы мал ұстайтын исатайлықтардың басты проблемасы жаз бойы суат бойын қорып, шама келсе малдарын тұнықтан суарып алуға тырысады. Себебі су жеткілікті болғанымен таяз каналдар мал түссе лезде лайланып қалады екен.

Бейсенбай Жанесенов, малшы:

- Каналдың сапасы төмен болып тұр, оны қазу керек, тереңдету керек. Су жарып кетіп жатқан жерлері бар. Соларды бітеу керек. Айдамай қалса су деген мал ішеді кетеді, үзіліп қалады. Шіриді жазға қарай мал ауру болады. Шіріген суды ішкесін түрлі құрттар, паразиттер бар ғой, сонымен мал ауру болады. 

Ауданды сумен жабдықтайтын «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің балансында 2 үлкен канал бар. Алайда олар қаражаттың тапшылығынан көп жылдан бері тереңдетілмей қалған. Соның салдарынан құны алтынмен пара-пар тіршілік нәрі текке рәсуа болып жатыр. 

Шеген Ниетәлиев, «Қазсушар» РМК аудандық өкілі:

- Біз суды жеткізегінімізбен баратын мына Ақбас каналы және Манаш котлованы деген бар теңіз бойында соның бәрін толтыру үшін көп уақыт кетеді. Енді бұл Жайық өзенінен мотормен айдалатын болғандықтан бірнеше кезеңге бөлініп айдалады. Су жылып кетсе, малға ауру туғызуы мүмкін, көгеріп кетеді су. Басты проблема ол каналдарды тереңдетіп қазу.

Екі негізгі каналдан өзге ауданның коммуналдық меншігінде 5 суландыру жүйесі бар. Олар негізгі арнамен келген суды шаруалардың қажетіне қарай бөліп, үйлестіріп отырады. Бірақ олар да жөндеусіз қалған. Былтыр жасақталған жобалық-сметалық құжаттары әлі күнге мемлекеттік сараптамадан өтпепті.  

Еркебұлан Әбілқасымов, аудан әкімінің орынбасары:

- Алғашқы кезекте аудан орталығынан 40 км қашықтықта орналасқан Қызылүй каналы бар. Ең бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін сол канал. Ол бойынша облыстық басқармаларға бюджеттік өтініш жолданды. Қаржысы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары басталады деген үміттеміз.

Осындай қиындықтарға қарамастан мұнайлы өңірде мал басы өсіп келеді. Бір ғана Исатай ауданында 258 шаруа қожалығы тіркелген. Олар әзірге өзек жағалап күнелтіп жүр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Облыстағы су арналары мен тоғандардың барлығы дерлік механикалық жолмен толтырылатын болғандықтан кететін шығын да орасан. Ал оның зардабын шаруалар шегеді. Айталық, оңтүстік өңірлерде 1 текше метр судың бағасы 50 тиын болса, Атырау шаруалары былтыр ол үшін 14 теңге төлеген.

Биыл тариф тағы да қымбаттады. Қазір облыста егістік пен жайылымға бөлінетін 1 текше метр судың бағасы 24 теңге. Сатулы су тамыз айында 29 теңге көтеріледі деп күтіліп отыр. Сол қымбат судың өзін жеткізу қиындап барады. Облыста мал және егін шаруашылығын суландыруға арналған 15 ірі канал бар. Олардың 13-і күрделі жөндеуден өткізіліпті. Бірақ оның шығыны шаруалар үшін өте қымбатқа түсетін түрі бар. Себебі мемлекет бөлетін субсидия тек егін мен жайылымға бөлінетін суға төленеді.

Автор: Арыстанбек Кенже

Сондай-ақ...