Солтүстік Қазақстан облысының Возвышенка ауылында жайылым жер жетіспейді

Солтүстік Қазақстан облысында жайылым жер жетіспейді. Арнамызға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылының тұрғындары хабарласып көмек сұрады. Олардың айтуынша, елді мекенде мал бағатын жер жоқ. Жергілікті шаруа ауыл айналасына егін егіп тастаған. Бұл туралы билік не дейді?

Бұл адамдар өріске қосқан малын қарсы алуға емес, солардың жайын айтуға жиналды. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке қарап отырған жұртты жайылым жердің жоқтығы жегідей жеп біткен.   

Ғалым Сағындықов, Возвышенка ауылының тұрғыны:

- Талап-тілегіміз жер болса екен. Сол айтып отыр ғой, жеңгей айтып кетті, анау Гамлет айтты әне. Мал аш келіп жатыр. Өзін өзі нетпеген бұзауын асырай алмаған сиыр оның маған пайдасы қандай?

Возвышенка ауылында 640 үй бар. Қазір соның жартысы ғана мал ұстайды. Барлығы 5 табынға бөліп бағады. Бірақ шүйгін шөп бәріне бірдей бұйырмаған.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Міне жылқы, қой, ешкі, сиыр, бәрі де тура ауылдың шетінде жайылады. Оның өзінде осындай тақыр, әрі батпақ жерде жүр.

Мысалы, ауылдың солтүстік жағында тұратын адамдар қорадағы малын Хабиболла Тұрғанбековтің табынына қосады. Ол осындағы фермер. Бәрінен бұрын бақташыға қиын. Ауылдың шетіне шықса болды, егінге түседі. 

Хабиболла Тұрғанбеков, шаруа:

- 75 жылқы. 75 жылқы. 106 сиыр. 412 қой менде. Осы мың жарым гектардың жерінде болуға тиісті бағылуға. Ал біз 200 гектар жерде бағып жүрміз.

Жергілікті жұрт «жайылым жер жоқ» деп аудан әкімінен бастап мәслихат депутаттарына дейін, тіпті «Нұр Отан» партиясына барып айтқан. Бірақ тұшымды жауап ала алмапты. Шенеуніктер халыққа табындарыңды ауылдың қарама-қарсы бетіне апарып бағыңдар деп отыр.

Алмас Сәрсенов, Мағжан Жұмабаев ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Бұл жаққа егін егіп тастаған Құрманғалиевке басқа жерден 100 гектар ұсындық. Оған келіспей отыр. Сондықтан тұрғындарға ауылдың оңтүстік жағынан жайылым ұсынылды. Бірақ олардың барғысы жоқ. 

Тұрғындар бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы. Оның үстіне биыл ауылдың айналма жолы жөнделіп жатыр. «Алысқа айдап апару малға обал», - дейді олар. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев