Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күрес жақсарып келеді

Ертіс өңірінде қансорғыш жәндіктерге қарсы күрес жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта шіркейлердің дернәсілдерін улау шаралары аяқталуға жақын.

Ал масаға қарсы дезинсекциялық жұмыс толық аяқталған. Бүгін сала мамандары улау шараларының аралық қорытындысын жасады.

Айтуынша, соңғы күндері жағдай тұрақталды. Алайда Ертіс өзенін жайлаған ауыл-аймақ тұрғындары тарапынан шағым көп түсіп жатыр. Бір ай ішінде биологиялық препараттың 62 тоннасы мен екі мың литрге жуық химиялық құрал қолданылды. Жәндік тіршілік ететін 26 мың гектар аумақ өңделген. Бүгінде улау жұмыстары облыс орталығында да қарқын алды. Қосымша үш бригада жұмысқа тартылды. Биыл Ертіс өзеніне су босату кеш басталды. Салдарынан жәндіктер тез дамып, ұшып шықты.

Қадылжан Сәтиев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:

- Қала маңында дезинсекциялық жұмыстар 28 мамырға дейін жүргізілген жоқ. 28 мамырдан бастап, өткен жұмада Павлодар қаласын өңдеу облыстық мердігер ұйыммен жүргізілді. Осыған байланысты 31 мамырдан бастап әсер етуші зат негізінде жаңа химиялық препарат қолданылды. 

Дәулет Ибраев, ғылыми топ жетекшісі:

- Маса дернәсілі бойынша 16 мың гектар өңделді. Күрес шараларына дейін бір текше метрге 1500 дернәсілден келсе, өңдеуден кейін олар 244 данаға азайды. Бұл жайылым бойынша орташа тиімділік деп есептеледі. Ал шіркей бойынша өңдеуге дейін бір текше дециметрде 533 дернәсіл шоғырланған болса, улаудан кейінгі көрсеткіш 96 бірлікті құрады.