Қапшағай қаласының тұрғындары таза ауамен тыныстауға зар болып жүр

Қапшағай қаласынан шығатын кәріз суларының бір бөлігі тазаланбаған күйі құмға сіңіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені тиісті мекеме ғимаратының оны сүзгіден өткізуге қуаты жетпейді. Жаңасы салынбаса, бірер жылда ескісі де істен шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде нысан апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. 1960 жылдары салынған сорғы станциясының да тозығы жеткен. Соның салдарынан шаһар ішіне жағымсыз иіс тарап, тұрғындар таза ауамен тыныстауға зар болып жүр.

Гүлжахан Сабалақова ғана емес, бірінші сорғы станцияциясының маңында тұратындардың барлығы осылай күн кешіп келеді. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс олардың бас ауыртар басты проблемасына айналған.

Гүлжахан Сабалақова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Осы маңайдан бәрін Центральная, Октябрьская мынаның бәріне де иіс барады. Көшеге таксист бұрылған кезде фу деп өтеді. Біз осы ауамен демаламыз. Ең болмаса желдеткішті жасаса болар ма екен. Биіктетіп, трубаны көтерсе ме екен. Мына төмендегі бізге келмейтіндей.

Гүлшат Молдиярова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Қонақ шақырғанда үйде отырамыз. Ұят. Далада отыру мүмкін емес. Мынау деген қандай иіс дейді. КНС-каның жанында тұрамыз деп айтамыз. Түсіндіреміз. Оларға да бізге де зиян. Соған бір шетінен бізге көмек берсеңіздер.  

Жұртшылықты мезі еткен сасық иіс мына сорғы станциясынан шығады. 62 жыл бұрын салынған нысанның осыған дейін желдету жүйесі ғана ауыстырылған.

Мәди Темірәлиев, «Қапшағай су арнасы» МКК директоры:

- Вентиляторларды біз қосамыз күніне төрт рет. Оператор астына түсіп тазалайды. Вентилятор сорады жаман иісті. Сосын төңірекке тарқайды. Содан кейін халықтың наразы болып тұрағаны сол. Вентиляцияны қоспасаңыз, астына менің адамым түсе алмайды. Ауа жоқ. Егер жаңадан КНС салса, бұл өте көп құжатқа түседі.

Шаһарда тозығы жеткен 13 сорғы станциясы бар. Олардан жиналған кәріз сулары қала сыртындағы тазалау ғимаратына жеткізіледі. Оның өзі де әбден ескірген. Жаңасын салу үшін 2014 жылы техникалық экономикалық негіздемесі жасалыпты. Бірақ мерзімі өтіп кеткендіктен құжаттама жұмысы биыл тағы да қолға алынды. 

Марлан Жолдахмет, Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары:

- Техникалық һ-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Оның тапсырыс берушісі тұрғын үй шаруашылық орталығының АК болып келеді. Бүгінгі таңда ТЭО-ның аяқталу жұмыстары жақындап қалды. Одан кейін Евразиский банкке тапсырылатын болады. Қаржы бөлінсе, жаңа станция салу жоспарлаудамыз. Осы жоба іске асатын болса, ескі 13 КНС соның ішінде болатын болады. Жаңадан салынатын болады.

Тәулігіне 25 текше метр кәріз суын қабылдауға арналған нысан қазір 13 текше метр суды ғана сүзгіден өткізе алады. Артығы апатты жағдайда қолданылатын қырық жамау құбырмен тазаланбаған күйі сыртқа ағып жатыр.

Амантай Жүсіпәлиев, «Қапшағай су арнасы» МКК шебері:

- Бұны қолданбасақ келіп түсетін су мөлшері, қабылдау камерасындағы шектеуден асып кетеді. Асып кетеді. Сол себептен апатты қалдықтарды қолданамыз. Осындай жұмыс қалпында әзер ұстап тұрмыз.

Сүзгіден өтпеген кәріз суы 10 жылдан бері құмға құйылып келеді. Ал, одан шыққан жаман иіс ат шаптырым жердегі «Қапшағай – Күрті», «Алматы – Талдықорған» тас жолына дейін тарап жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Сондай-ақ...