«Кореяда жұмысқа тұрғызып беремін» деген кентаулық алаяқ ұсталды

Түркістан полицейлері Корея елінде жұмысқа тұрғызып беремін деп ақша жымқырған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Оның айтуынша, танысы Корея еліне жұмысқа тұрғызып беретінін айтқан. Және ол үшін тұрғыннан 350 мың теңге қаражат алған. Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысты да, өз ақшасын да ала алмаған. Аталған жайт СДТТБТ-ға енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған Кентау қаласының тұрғынын анықтап, басқармаға жеткізді. Күдікті азамат жәбірленушіге жалған ақпарат беріп, ақшаны өзіне алған.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде. Ұсталған ер азаматтың бас шарасы қамауда.