Жамбыл облысындағы ауылда 150 мегаваттық күн электр стансасы салынады

Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында 150 мегаваттық жаңа күн электр стансасының құрылысын жүргізу мақсатында 300 гектар жер телімі берілген. Жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдарға жоспарланған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде күннен, желден және судан энергия өндіретін 327,6 мегаваттық 17 станса бар. Бұл республика бойынша 20%-ті құрайды. 

«Қазақстан Республикасының «Жасыл» экономикаға өту» жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға жасыл энергия көздерінен өндірілетін қуат күшін 50% жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыста табиғат көздерінен энергия қуатын өндіру орындары нақтыланып, ол 2020-2030 жылдарға арналған болжам картасына енгізілген. Осылайша 2020-2030 жылдар аралығында жиынтық қуаты 836 мегаватты құрайтын 12 жобаның тізімі жасалды.

Бұдан бөлек, облыс аумағындағы өзендерге және су қоймаларына су электр стансаларын салу бойынша болашақта жүзеге асырылатын жобалар тізімі де әзірленген. Бұл бойынша 2021-2030 жылдар аралығында электр қуатын өндіретін стансалар санын 32-ге жеткізіліп, 1251 қуат өндіру жоспарланған. Бұл жобаға Жамбыл ауданы «Родина» ЖШС күн сәулелі электр стансасының да құрылысы енгізілген.

Аймақта жел электр стансасы іске қосылғаннан бастап экологиялық таза энергия өндірілуде. Қазіргі уақытта қуаттылығы 54 мегаватт болатын қосымша 3 блокты стансаның құрылысы жүргізілуде. Биыл Шу ауданындағы Тасөткел су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.

Сондай-ақ өңірде жаңартылмалы энергетикалық жобалар мықтап қолға алынған. Атап айтсақ, Қаратау қаласының маңында 4 және 4,5 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасын салу жоспарлануда. Жаңартылған энергия көздерін құрайтын нысанның бірі – Жуалы ауданындағы күн электр стансасы. Онда сағатына 100 мегаватт энергия өндіріледі. Енді дәл осындай, бірақ өндірістік қуаты 150 мегаватты құрайтын күн электр стансасы Жамбыл ауданында да салынбақ.

«Родина» ЖШС күн сәулелі электр станциясының құрылысы энергетика саласында іске асырылатын инвестициялық жобасы болып саналады. Жоба бастамашысы «Родина» ЖШС. Серіктестік өкілі Евгений Варягиннің айтуынша, жобаның құны 20 миллиард тенгені құрайды.

Өңірде жасыл энергия өндіру жобасын жаңадан қолға алынғандықтан, бұл бастама алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Ебін тапса дархан даланың суы, соққан желі мен шыққан күні де игілік.