Қандыағаш халқы иісі өткір спирт зауытының айналасы қоршалуын сұрайды

Қандыағаш қаласының тұрғындары қолқаны қабатын сасық иістен құтыла алмай отыр. Бұл мәселе жиырма жылдан бері шешімін таппаған.

Қандыағаш қаласында қырық мыңға жуық тұрғын бар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһардың іргетасы өткен ғасырдың басында қаланған. Дамуы қарқынды ауданда кәсіпорын көп. Алайда олардың қоршаған ортаға зияны да аз емес. Зауыт қалдығынан шығатын жағымсыз иістен тұрғындар терезе ашудан қалыпты. 

Қасым Алдашев, қала тұрғыны:

- Онсыз болмайды. Кешке жақын иіс шыққанда далада жүру невозможно. Мына біздің 24 емес, бүкіл Қандыағаш, даже Қандыағаштың айналасындағы ауылдарға дейін барады. Оны енді жасырудың қажеті жоқ. Бүл енді келешек, кішкентайларға обал. Бұлардың өміріне қауіп бұл иіс деген.

Бердіғали Шынтеміров, қала тұрғыны:

- Айына 15 күн спиртзаводтың иісін иіскемесек отыра алмаймыз. Есік-терезе ашуға мүмкіншілік жоқ. Мен өз басым тұншығып өліп қала жаздаймын. Мына бронхам ауырады. Тіпті үйімнің ішінде демалуға мүмкіншілік болмай қалады ғой.

Тұрғындардың айтуынша, бар бәле жергілікті спирт зауыты қалдықтары сақталатын орында. Ашыған бидай мен өндірістік судың сасыған иісі ондаған шақырым қашықтықтан да сезіліп тұрады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Біз қазір спирт зауыты қалдықтары жиналатын орынға келіп тұрмыз. Мына сол жағымыздағы көлшікте негізгі қалдықтар жиналады. Одан кейін сұйықтығы оң жағымызда орналасқан тоғанға төгіліп жатыр. Бұл жердегі қолқаны алатын қолаңса иісті ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті мына медициналық масканың өзі де көмектеспей тұр. Ал дәл менің артымда шамамен 8 шақырым жерде Қандыағаш қаласы орналасқан.

Тұрғындардың айтуынша, зауыт құрылысы кезінде табиғаттың ерекшелігі ескерілмеген. Себебі оңтүстік-шығыстан жел тұрса шаһарды сасық иіс лезде жайлап алады. Ал бұл өңірде осы бағыттағы жел жылына 200-ден астам күн бойы соғып тұратын көрінеді.

Ақылбек Самаев, қала тұрғыны:

- Иіс деген жаман шығады. Қонақ келсе ыңғайсызданасың. Осы зауыттың карьерін қоршап, ауыстырса зауыттың сасық иісін кетірсе екен деймін да.

Зауыт өкілдері сасық иіспен соңғы он жыл бойы күресіп келеміз дейді. Ескі қоқыс алаңын көміп, қалдықтарды жоятын бактериялар салынған. Ал қазіргі көлшіктерден шыққан қолаңсадан құтылу үшін шетелдік мамандармен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Гүлнар Болшабекова, спирт зауытының экологы:

- Отбор пробаны Москваға жібердік. Сол жақтан да олар қарап, неғұрлым тиімді бактериялар жарамды қарайды. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Солармен келісіп, қандай бактериялар алатындығымызды. Болашақта осындай планымыз бар.

Зауыт қазір өндірісті қалдықсыз жүйеге көшірген. Яғни бидай ашытқыларынан тыңайтқыш жасалады. Ал кәріз жүйесінен шыққан су тазартылып, егіс алқаптарында пайдаланып отыр. Биыл кәсіпорынға тиесілі 100 гектар жерге дәнді дақыл егілген.

Роза Мүсінова, аудандық мәслихат хатшысы:

- Әрбір таңымыз осы зауыт мәселесімен басталады. Бүгін де сол полигонда болғанбыз. Атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. 3-4 күннен кейін жиналған су алқаптарға жіберіледі. Сол кезде сасыған иіс азаюы тиіс. Ал көлшіктерде тұнған қалдықтар кептіріліп, тыңайтқыш ретінде қолданылады.

Дегенмен, бұл тұрғындарды тұншықтарған қолаңсадан толықтай құтқара қоймайды. Себебі органикалық тыңайтқыштың да өзіндік иісі болады. Сондықтан мамандардың бар үміті арнаулы бактерияларда боп отыр.

Авторлар: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков