427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның Мақаншы ауданында былтыр жөнделген жол жарамсыз болып қалды

  • 75
  • UPD: 21:03, 08.06.2021

Шығыс Қазақстан облысындағы Мақаншы ауылында былтыр жөнделген жол биыл жүруге жарамай қалды. Халық шұрық-тесік жолда көлігіміз жиі сынады, деп шағымданды. Жолды бұзатын Қытайдан шығатын жүк көліктері көрінеді. Жұрт ауыр транспорт ауылды айналып өтпесе, жолды жақсарту мүмкін еместігін айтты.

Бұрынғы аудан орталығы Мақаншы ауылы Қытаймен іргеде орын тепкен. Мұнда 13 мыңға жуық халық тұрады. Соңғы жылдары тұрғындарды мазалап жүрген өзекті мәселенің бірі – жол сапасы. Былтыр бірнеше көшеге асфальт төселгенде мақаншылықтар қуанған еді. Алайда ол қуаныш ұзаққа бармады. 

Төлеуғазы Закариянов, ауыл тұрғыны:

- Бір жыл болған жоқ мынаған. 2 көше жасаған өзі, көріп жатырсыңдар ғой, басқа көшеге түссеңіз мүлдем несін көресіз. Сұмдық, жүру мүмкін емес! Машинаның налогын төлеп жатырмыз, салыққа келгенде бірінші, сұмдық енді мына жолдары.

Орал Қалипанов, ауыл тұрғыны:

- Мынау былтыр ғана жасаған міне бір жыл болған жоқ. Бәрі ойылып, көшенің бәрі сорақы. Мәшиненің сайманы деген бәрі қымбат, баллон деген бәрі бітті. Абай көшесін көрсеңіздер қазір барлығы уақытына жеткен жоқ, бәрі шұңқыр-шұңқыр болып кетті. Міне қайта-қайта Үржарды жасайды, Мақаншыны неге жасамайды? Сонан кейін мына орталық жолдан үлкен машиналарды тоқтатып, айналма жол бар, сонымен жүргізсе, көшенің бәрі бітті мысалы.

Айналма жол туралы да әңгіме талайдан қозғалып келеді. Таскескен-Бақты республикалық тас жолы ауылды кесіп өтеді. Жүк көліктерінің қозғалысы қарқынды.

Тілеухан Өтелбаев, ауыл тұрғыны:

- Мақаншының ішінде тұрамыз, есік алдымыздан өтеді. Не шай іше алмаймыз, не дем ала алмаймыз. Сарылдаған көлік, бала-шағадан қорқатын болдық. Содан кейін мынау бүкіл Қытайдан өткен ЕврАзЭС-тің мәшинелері осы Мақаншы арқылы өтеді тағы. Анооу Достықтан, ана жақтың жолы жаман, қашып осылай өтеді. Маза жоқ. Құс қайтқандай, тырналар сияқты бірінің артынан бірі тізіліп алады да, қаптаған мәшине. Есімізді шығарып жіберді. Мақаншыда негізі айналма жол бар, сол айналма жолды 12 шақырым мына аудан әкімі неге істемейді? Міне неше жыл болды, Кеңес Үкіметінен қалған, сол әлі жатыр. Сол айналма жолды іске қосса бізге.

Былтыр жөнделген жолдардың сапасы туралы жергілікті әкімдік хабардар. Олардың сөзінше, бұл мәселе жақын уақытта шешімін табады.   

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Мақаншы ауылында 3 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген 2020 жылы. Біз осы мәселе бойынша мердігер бар, авторлық қадағалау бар, техникалық қадағалау, бәріміз ол жерде болғанбыз. Барлық дефектілердің барлығы айтылған. Ол жерде су құбыры өтетін жерлер түсіп кеткен. Осы мердігердің негізінде жоба бойынша 3 жыл кепілдік мерзімі бар. Мердігер осы мәселені толық түзетіп, өз мойнына алып отыр. Ол жақын арада толығымен түзетілетін болады.

Ал айналма жол туралы Қазавтожолның Шығыс Қазақстандағы филиал жетекшілерінің айтары мынау.

Олжас Ахметов, «Қазавтожол» ҰК АҚ ШҚО филиалы жетекшісінің орынбасары:

- Өтіп жатқан транзиттік көліктердің бәрі тауар сату, сатып алу жағынан әсері бар ауылдың дамуына. Ал егер бізде қарастырып жатырмыз ол мәселені, Мақаншы ауылын айналма өтуін. Бірақ нақты биыл, келесі жылы деген жауап жоқ әлі.

Ал аудандық әкімдік бұл жобаны 3 жылдық шекаралық аймақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес қаржыландыруды жоспарлап отыр. Яғни 2023 жылдың аяғына дейін мәселе шешімін табуы тиіс.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы