426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Біртановтың туыстарынан өзге адамдармен араласуына тыйым салу сұралды

  • 161
  • UPD: 21:05, 08.06.2021

Бас прокуратураның рұқсатымен бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу 1 тамызға дейін ұзартылды. Бүгін Мемлекеттік айыптаушы сотта Елжан Біртановтың үйқамақта шілденің 14-іне дейін қалып, отбасы мүшелерінен өзге адамдармен араласуына тыйым салуды сұрады.

Бұған себеп: айыпталушы медицина саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйені орнатқан шетелдік компанияның басшысына хат жолдаған. Сыртта жүріп телефонмен әлдекімдермен байланысқа шыққан. Бұрынғы министрдің адвокаттары бұл өтінішке түбегейлі қарсы болды. Олар келтіргендей, заң бойынша Біртанов ешқандай ереже бұзған жоқ. Соттың рұқсатымен ол таңғы 8-ден кешкі жетіге дейін үйден шығып, жұмыс істеуге құқылы. Оған қоса өз-өзін ақтауға ұмтылысы заңға қайшы келмейді. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі былтыр қазан айында тұтқындалған еді. 7 қарашадан бастап үйқамаққа ауысқан. Содан бері шектеу бірнеше рет ұзартылды. Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке бірлесіп бюджеттің 1,5 млрд теңгесін ысырап етті деген айып тағылған. Бұл денсаулық сақтаудың ақпараттық платформасын іске қосуға арналған қаражаттың бір бөлігі болатын. Алайда Елжан Біртанов «ақшаны ысырап ету дерегі негізсіз» дейді. Сондықтан өзін айыпты деп санамайды.

Хабар 24 телеарнасы