Қарағанды облысында вакцина салдырған кеншілерге сыйақы беріледі

Теміртаудағы металлургиялық комбинат пен көмір шахталарының жұмысшыларына екпе алғаны үшін сыйақы беріледі.

Сондай-ақ түрлі сыйлық үлестіріліп жатыр. Алпауыт компания ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін өз еңбеккерлерін осылайша ынталандырды. Қазір металлургиялық комбинат пен 8 көмір шахтасында және компанияға қарасты өзге де кәсіпорындарда 30 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бүгінгі күнге дейін соның 9 мыңы вакцина салдырған. Бастапқыда екпе алуға тек компания әкімшілігі келсе, қазір жұмысшылар тарапынан да белсенділік байқалып отыр. Барлығын қамту үшін әр цехта екпе кабинеттері ашылған.

Николай Леонтьев, комбинат жұмысшысы:

- Комбинатта жүргізуші болып еңбек еткеніме 30 жылдан асты. Күн сайын жүздеген жұмысшыны тасимын. Араларында кімнің ауырып тұрғанын білмейсің ғой. Сондықтан екпе алуға шешім қабылдадым. Цехта кабинет ашылғанда бірінші болып жазылдым. Отбасымның амандығы, әріптестердің денсаулығы мен үшін аса маңызды. Індетті жеңудің жалғыз жолы осы екенін түсіндік қой.