427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде қаңғыбас малдың кесірінен жол апаты көбейді

  • 106
  • UPD: 21:41, 08.06.2021

Елдегі автокөлік жолдарында қараусыз жүрген мал кесірінен көлік апаты жиілеген. Жыл басынан бері 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 13 адам қаза болды. 44 адам түрлі жарақат алды. Себебі мал өтетін жерлерде арнайы жол белгілері жоқ. Соның салдарынан оқыс оқиғалар қайғылы жағдаймен аяқталып жатады.

Орал-Атырау трассасында болған кезекті жол апаты. «ВАЗ» жеңіл көлігі жүйткіп келе жатып жол бойындағы жылқыларға соғылған. Салдарынан бір отбасының үш бірдей адамы қаза болды. Мал иесі әлі табылған жоқ. Ақпан айында осындай жағдай Сырым ауданының аумағында тіркеліп, жеңіл көліктің жүргізушісі көз жұмды. Аймақта қараусыз жүрген малды қамайтын арнайы орындар бар. Бірақ көбі қағаз жүзінде болған соң еш пайда жоқ дейді сала мамандары.

Эльмира Ишанғалиева, БҚО әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы:

- Облыс әкімінің төрағалығымен жол-көлік оқиғаларына қатысты жиын өткізілген болатын. Нәтижесінде Ақжайық ауданының әкіміне тәртіптік жаза қолданылды. Айта кету керек, бұған дейін өткен жиында Сырым ауданының әкіміне де тәртіптік жаза қолданылған болатын. Сондай-ақ ветеринария басқармасы басшысына қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілуде. Аудан аумағында бағымсыз үй жануарларын ұстайтын арнайы орындары жұмыс істеп тұрғанына қарамастан жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. 

Ернар Сұлтанғалиев, БҚО ПД жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Жыл басынан 14 жол-көлік оқиғасы болды үй жануарларының қатысуымен. Соның ішінде есепке алатыны 2 оқиға, онда 4 адам мерт болды. Екі адам әртүрлі дене жарақатын алды. Біздің облыс бойынша 64 арнайы шарбақ орналастырылған. Малдарды қаңғып жүрген үй жануарларын орналастыруа. Және жергілікті атқарушы органдармен тиісті деңгейде жұмыстарды атқарған кезде жол-көлік оқиғасының алдын алуға болады деп есептеймін.

Былтыр аймақта қараусыз жайылған малдың қатысуымен 49 жол-көлік оқиғасы болды. Соның тек алтауында ғана мал иесі анықталыпты. Жыл басынан бері малын қараусыз жіберген мыңнан аса өңір тұрғынына қатысты әкімшілік іс қозғалып, 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда айыппұл салады екен деп айылын жиғандар аз. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында қараусыз жүрген түлікті қамайтын 230 айып тұрағы жұмыс істейді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері қараусыз жайылған 1654 үй жануарын қамап, 586 адамға айыппұл салған. Бірақ нәтиже шамалы.

Маңғыстау облысында да төрт түлік жол бойында өріп жүр. Соңғы 6 айда мал қаққан машинада болған 2 адам қаза болып, жетеуі жарақат алды. Былтыр да 3 адам зардап шеккен еді. Полиция жол апаттарының алдын алу үшін мал иелеріне жарық шағылыстырғыш ленталарын тағуды ұсыныпты. Олар тіпті ауыл-аймақты аралап, малды чиптендіруге үгіттеген. Алайда бұған шаруалар құлықсыз дейді полицейлер.

Соңғы жылдары «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында көлік нөпірінің көбейуі байқалады. Автобанның Қызылорда облысы аумағындағы бөлігі 812 шақырымды құрайды. Оның бойында 83 мал өткелі бар. Дегенмен, бағусыз жүрген жануарлар жол бойына шығып кетіп, көлік астына түсіп жататын жағдайлар жиілеген.

Шыңғыс Аханов, Қызылорда облыстық ЖПҚБ патрульдік-полиция ротасы командирінің м.а.:

- Сонымен қатар жолдарда билборд, жануарлардың макеттерін қоюға, үй жануарларының мойнына жарық шамын шағылыстыратын отражатель тағуға ұсыныстар берілді. Сонымен қатар қызметкерлер екі ауысымда барлығы 29 жылжымалы патрульдік бекет жұмыс жасауда. Бір экипаж 60-65 шақырым болатын учаскеде қызмет көрсетуде.

Ал малмен болатын апаттар жиі тіркелетін Батыс Қазақстан облысында мұндай өткелдер мүлдем жоқ десе болады. Мал өтетін жерлерде жол белгілерінің болмауы да жол-көлік оқиғасына әкеп соқтыратын жанама себептердің бірі дейді жол саласының мамандары.

Нұрсұлтан Нұрмұхаметов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының инженері:

- БҚО бойынша скотопрогон тек Орал-Тасқала жолында ғана орналасқан. Орал-Атырау және Самара-Шымкент автокөлік жолдарында мұндай өтпелер жоқ. Осы жолдарда ДТП көп болады және кісі өліміне әкеліп жатыр. Осындай жағдайлар болдырмау үшін қазір Атырау –Орал жолында проектно-изыскательные жұмыстар жүріп жатыр скотопрогон салуға.

Жалпы Қызылорда облысы аумағынан өтетін халықаралық автодәліз бойында жыл басынан бері 29 жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 7 адам жарақат алыпты. Материалдық шығындар да аз емес. Өткен жылдың осы мерзімінде күре жолда 1 көлік мал қағып, 3 адам жарақат алыпты. Ал 2019 жылы осындай 8 дерек тіркеліп, 2 адам қаза тапқан.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы