Алматы облысындағы егінге қуаңшылықтан қауіп төнді

Алматы облысының диқан-бағбандары су сұрап отыр. Соңғы аптадағы аптап ыстықтан алқаптар кеуіп, еккен өнім солып барады. Өйткені егістікке уақытылы су жетпейді. Жуық арада жағдай жақсармаса Еңбекшіқазақ пен Талғар ауданының 100-ден астам шаруа қожалығы өнімсіз қалып, миллиондаған шығынға ұшыраймыз деп шағымданды. Өңірдегі су тапшылығыне не себеп? 

Қойшыбек ауылының тұрғыны Андрей Губерт биыл 7 гектар алқапқа қауын-қарбыз бен асқабақ еккен. Бірақ шаруаның көңіл-күйі жабырқаулы. Көктемде әр гектарын өңдеп, тұқым себуге 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсады. Әйтсе де осы уақытқа дейін егістігі бір рет те суарылмады.

Андрей Губерт, бағбан:

- Судың жоқтығынан егістіктің 50 процентінен айырылайын деп отырмын. Суға тапсырысым бойынша секундына маған 50 литр су келуі керек. Бірақ көріп тұрсыздар ғой топырақ қатып, арна кеуіп тұр. Өскіннің тамырына бір тамшы да су тимеді. Өйткені суды бөгеп тастаған. Қашан келетініні белгісіз. 

Жалпы Қойшыбек ауылында егін егетін 50-ден астам шаруа қожалығы бар. Диқандар суды «Талғар ирригация» мекемесімен жыл сайын келісім-шарт жасап алады. Бірақ былтырғы су тапшылығы биыл да қайталанып жатыр.

Алмас Садуақас, тілші:

- Нұра мен Қойшыбек ауылдарының егін егетін шаруа қожалықтары жаздай суға таласады. Және бұл талас мына заңсыз салынған, өз еріктерімен жасалған дәл осы жердегі мына су бөгетінен басталады. Яғни су айрығынан. Сол бағытта арна Қойшыбекке баратын болса, оң бағыттағы су Нұраға кетіп жатыр. Екі ауылдың шаруалары жүгері, көкөніс және өзге де бақша өнімдерін өсіреді. Барлығына су керек. Жердің ауқымы бәленбай гектар. Бірақ су жеткіліксіз. Сондықтан Нұралықтар өзіне су келуі үшін мына жердегі темір қалбырмен бөгетті ашып тастайтын болса, қойшыбектіктер керісінше оны жабуға мәжбүр.

Заңды салынған гидроқондырғы мен суды бөлетін мұраптың жоқтығынан шаруалар өзара суды бөлісе алмай жүр. Ал су беруге жауапты «Талғар ирригация» мекемесі болса қондырғыны салудың жобасын көрші Еңбекшіқазақ аудандық әкіміне жылдың басында ұсындық дейді.

Еркінбай Қондыбаев, «Талғар Ирригация» ММ бөлімше басшысы:

- Бізде осы қазір тұрған жерде гидротехникалық сооружение болуы керек. Бірақ та ол қазір бізде жоқ. Біз оны Еңбекшіқазақ аудандық әкімдерінен сұрадық. Олар ақша бөлеміз деді. Содан ақша бөлінбей қалды да биылғы жылға сооружение соққан жоқпыз. Біз реконструкцияға емес, техремонтқа ақша сұрағанбыз 12 млн теңге ақша сұрағанбыз.

Таудан ағатын Тереңқара өзені етекке жеткенде арна-арнаға бөлініп кетеді. Тариф бойынша шаруалар судың әр текше метріне 1 теңге 30 тиын төлейді. Тереңқарамен бір күнде секундына 500 текше метр су кетіп жатыр. Бірақ арнадағы су көлемі үнемі қалыпты деңгейде болмайды. Сондықтан бұл жерге су үлестіргіш орнату қажет. Екіншіден, Қойшыбек ауылындағы диқандарға су жетпей жатуының және бір себебі бар. Біраз жыл бұрын жоғарыдағы Бәйтерек ауылының маңынан кәсіпкер өзен жанынан 8 гектар жерді заңдастырып алған. Биыл балық шаруашылығымен айналысу үшін жасанды көлшіктер жасап оны арна суымен толтырған. Соның кесірінен төмен жақтағы алқапқа онсыз да жетпей жатқан су тіпті азайып кеткен.

Құрман Оңатаев, шаруа қожалығының суға жауапты маманы:

- Біз мына жерден Талғардың РОС деген суы бар ғой. Содан как положено суын алдық. Орасительная система 20 литир ма сондай алдық. Бұл жерде балық па, басқа ма бастықтар біледі да, мен қайдан білемін. Как положено алдық. Мы не воруем.

Қазір Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігімен жасанды көлшік қазып, оны сумен толтырып жатқан шаруа қожалығының иелігінедегі жер шекарасын анықтау бойынша қайта тексеріс басталды.

Ринат Сарқожанов, Байтерек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Біз құзырлы бөлімдерге заңдылығын тексеру бойынша хат жолдаған болатынбыз. Жауабын келгенде шаруа қожалықтары жауабын алады. Аудандық жер қатынастары бөлімі, жер кадастры бөлімі. Беру және қолдану жөнінде заңдылығын тексереді. Ал бірақ ол шешілетін дүние сияқты. Көреміз. Уақыт көрсетеді. 

Бірақ уақыт суша сырғып өтіп жатыр. Диқандар үшін әр күн қымбат. Жоғарыдан су келмей қалғандықтан Қойшыбек ауылындағы көлшік те кеуіп, табаны керішке айналып барады. Яғни экологиялық мәселе туындап отыр. Жалпы Бәйтерек ауылдық аймағында биыл 3600 гектар жерге жүгері, жоңышқа, картоп пен өзге де көкөніс, жеміс-жидек егілген. Алқап уақытылы суғарылмаса өнім өспей, шаруалар шаш етек шығынға батары сөзсіз. 

Авторлар: Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев