Елімізде электрлі самокатты ұрлағандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі айтты.

Соңғы жылдары елордада қос дөңгелекті темір тұлпармен қатынайтындар көбейген.

Наргиз Бекмағанбетов, тілші:

– Кептеліс қақпанына түспейтін электросомакатты күніне 2 мыңға жуық адам жалдайды. Ол сағатына 35 шақырымды еңсере алады. Жалпы самокат мегаполисте таптырмас шешім.

Елордадағы электр құралдарын жалға беретін компания үшін арнаулы 15 станса жұмыс істейді. Электрлі самокатты мобильді қосымша арқылы жалға аласыз. Есепшот картаңызды тіркеп, QR код арқылы іске қоса аласыз. Минутына 30 теңгеден төлеп, қалаған бағытыңызға бара бересіз. Алайда соңғы кезде өздігінен жүретін құрылғыны ұрлау дерегі жиілеп кетсе керек.

Ерасыл Аманжолов, логист:

– Жоғалған кездер болды. Бұлар телефон сияқты жұмыс істейді. Картадан көрсетіп, оны тауып алады. Алған клиентке бонус страховка өтеледі. Клиент келіп, саяхатына самокат алар кезінде тариф таңдайды. Сол арқылы бәрін сақтандырып қояды.

Діттеген жерге жылдам баруға арналған екі дөңгелекті көлікке деген сұраныс күн санап артып келеді екен. Десе де, электрлі самокаттың жоғары жылдамдығының салдарынан зардап шеккендер де бар. Жолда оқыс жағдайлар көбейіп, соңы қайғылы аяқталып жатыр.

Данияр Оралов, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

– Биыл жаз кезеңінде бір оқиға болды. Саябақтың ішінде азамат электросамокатпен келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Мұндай жағдайда жаяу жүргіншінің пайдасына шешіледі.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері электрлі самокатты ұрлау бойынша 2 қылмыстық іс тіркелген. Ала жіпті аттағандар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, электрлі самокаттар жолдағы велосипедке арналған жолақпен жүруі тиіс. Ал оны тізгіндеген жолаушылар күн батқанда қауіпсіздік үшін жарығын қосуы қажет.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров.