Жамбыл облысында сайлауға дайындық басталды

Жамбыл облысында ауыл әкімдерін сайлауға дайындық басталды.

Қазір ауылдардағы сайлаушылардың санын нақтылау жұмыстары жанданды. Сайлау алды арнайы жұмысшы топ құрылды. Олар халықпен кездесіп, заң талаптарын түсіндіретін болады.

Жалпы облыс бойынша 156 ауылдық округ болса, биыл 41 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Оған кандидаттар үш көзден ұсынылмақ. Біріншіден, саяси партиялар арқылы, екіншіден, Конституция негізінде өзін-өзі ұсынам деушілерге мүмкіндік беріледі. Ол үшін кандидат тұрғындардың кем дегенде 1 процент қолын жинауы тиіс. Үшіншіден, аудан әкімдері жергілікті қауымдастықпен келісе отырып ұсынады.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, ауылдық округ әкімдерін сайлау тамыз, қыркүйек, қазан, желтоқсан айларында өтеді. Тұрғындар 97 сайлау учаскесі арқылы дауыс бере алады.

Серғали Айдапкелов - облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы:

–12 аумақтық сайлау комиссиясы, 77 аумақтық сайлау комиссияларының мүшесі, 97 сайлау учаскесіндегі 647 сайлау комиссияларының мүшелері қызмет көрсететін болады. Алдағы күндері осы сайлау комиссияларын жаңа заң талаптарына сәйкес оқыту семинар-тренингтерін дайындап жатырмыз.