Көкшетауда маман тапшылығын жою үшін 185 грант бөлінеді

Ақмола облысында жергілікті бюджеттен 185 грант бөлінеді. Бұл туралы облыстық Білім басқармасы хабарлады.

100 грант педагогикалық, 85-і медицина мамандықтарына беріледі. Аймақта 300-ден астам мұғалім мен дәрігер жетіспейді. Кадр мәселесін шешу үшін облыс әкімдігі соңғы 4 жылда 600-ге жуық баланы оқытуға тапсырыс беріпті. Олардың алды биыл қызметке кіріседі. Келісім-шартқа сәйкес, мамандар оқу бітірген соң өңірде кемі 3 жыл қызмет етуге міндетті. Грант Ақмола облысының ғана емес, барлық аймақтың бітірушілері үшін қолжетімді болады.

Валерий Гамазов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Әкім грантын алу тәртібі тура мемлекеттік гранттағы секілді. Мұнда да ҰБТ нәтижесі бойынша іріктеу жүргізіледі. Яғни кімнің балы жоғары, сол грантқа ие болады. Ал студент оқуын бітірмей, тастап кетсе, оқыған жылдарының ақшасын өтеуге міндетті. Аймақта жұмыс істеуден бас тартса да, осындай жауапкершілік қарастырылған.