Қызылорда облысында батырлар құрметіне саябақ ашылды

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгер Мақсұтбек Тоқмағанбетовтың атына саябақ ашылды.

Ауғанстан еліндегі сұрапылда Сыр жауынгері небәрі 20 жасында ерлікпен қаза тапқан. Майдан даласындағы ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. «Бұл саялы орын Мақсұтбектің өмір жолын кіші буынға үлгі етіп қана қоймай, ауған жерінде опат болған жерлестердің ерлігін мәңгі есте қалдырады»,-дейді тағылымды шараға ұйытқы болғандар.

Еске алу шарасында марқұмның майдандас достары мен туыстары естеліктер айтты.

Қайраддин Баймаханов, «Ауған соғысы ардагерлері ұйымы» ҚБ төрағасы:

– Өзім 1-2 жыл бұрын сол Мақсұт қайтыс болған жерде, Ауған соғысы болған жерде операцияларға қатыстым. Өте қиын айқастар болған жер. Қызмет жасауға да өте қиын,табиғаты да өте ыстық, таулы жер. Сондықтан оның ерлігі қашан болса да ұмытылмайды.