427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда демалыс орындары мен жасыл желектер көбейеді – Алтай Көлгінов

  • 71
  • UPD: 16:01, 09.06.2021
Нұр-Сұлтанда демалыс орындары мен жасыл желектер көбейеді – Алтай Көлгінов astana.gov.kz

Елорданы көгалдандыру кең ауқымда жалғасады.

Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әкім экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін көгалдандыру жалғаса беретінін жеткізді. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал-терек егу жалғасады.

 «Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. «Толқын тәрізді аллея» аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған көлеңкелі аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл «Триатлон паркін» жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз», – деді әкім.

Оның айтуынша, елорданы абаттандыру жұмысы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының негізгі тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл бағыт бойынша өзіндік даму картасы бар.

Әкім өз сөзінде былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыру басталғанын еске салды. Өткен жылы қалада алғаш рет көпірасты алаңдар жасалды. Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл – Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір, ол биыл да жалғасады.

Бұдан басқа, Тұңғыш Президент саябағында көлеңкелі бастырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, оның ішінде тұманды булану, орындықтар және т.б. орнатылды. Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салу жоспарланып отыр. Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді.

Әзербайжан Мамбетов көшесі бойында, қаланың оң жағалауында «Демалыс Променад» деп, қазір жаңа қоғамдық кеңістік жасалды. Бұл Арбат іспетті, жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік болды.

Хабар 24 телеарнасы