Биыл АӨК саласында өсім сақталып отыр – АШМ

Төрт ай ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3%-ке (831 млрд теңгеге дейін), ал азық-түлік өнімдерінің өндірісі 3,9%-ке (673 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халыққа есеп беру кездесуінде хабарлады.

Мал шаруашылығында өндіріс көлемі 3,2%-ке (776,4 млрд.теңге) ұлғайды. Атап айтқанда, тірі салмақта ет өндіру бойынша 5,3%-ке, сүт өндіру 3,4%-ке өсті. Өткен жылы елімізде импортты алмастыру аясында 48 жаңа тауарлы-сүт фермасы, 3 ет комбинаты және ет бағытындағы 8 құс фабрикасы іске қосылды.

Өсімдік шаруашылығында 2021 жылғы көктемгі егін егу жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды және бүгінгі күні егін егу жұмыстары толық аяқталды.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,7 млн гектарға егілді, бұл 2020 жылғы деңгейден 78 мың гектарға артық.