Атырау облысында бір күнде 70-ке жуық қоғамдық көлік жүргізушісі ереже бұзған

Атырау облысында жүгенсіз кеткен жүргізушілер азаймай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біраз уақыт бұрын мұнайлы шаһарда қоғамдық көлік 26 жастағы қызды қағып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін жедел-профилактикалық іс-шара жүргізген полиция қызметкерлері автобус жүргізушілерінің тәртіпсіздігін анықтады. 1 күн ішінде 70-ке жуық қоғамдық көлік жүргізушісі ереже бұзған. Тіпті жүргізушілердің бірі мас күйінде ұсталыпты. Тәртіп бұзғандардың көбі автобус басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескендер және жылдамдық асырғандар. Бір автобус айып тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірі алыныпты. Барлық тәртіп бұзушыларға айыппұл салынған.

Мырзалы Өтеғалиев, облыстық ПД ЖПҚ басқармасы басшысының орынбасары:

- Іс-шара 7 маусым және 11 маусым аралығында өткізілуде. «Автобус» шарасының басты мақсаты автобус жүргізушілері және такси көлік жүргізушілермен болатын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау, жол-көлік оқиғасын алдын алу болып табылады.